ЭКСПО-2017-ге Қазақстанның өңірлерінен 1,8 млн. адам келеді. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Есептік кездесу барысында Шымкент қаласының тұрғыны министрден Астанаға пойызға билет алу қиындық тудырғанын және бұл мәселе ЭКСПО кезінде қалай шешілгенін сұраған болатын. «Біздің жоспарымыз бойынша ЭКСПО-ға Қазақстаның аймақтарынан, өңірлерден келетін азаматтардың саны 1,8 млн. адамды құрайды. Оның жартысынан астамы пойызбен келеді. Сондықтан біз өңірлерден Астанаға келетін пойыздардың санын 2 есеге көбейттік», - деп атап өтті ол. Министрдің дерегінше, осы қыста Астанаға қатынайтын пойыздардың саны 27-і болса, бүгінде ол 54 пойызға жеткізілді. «Соның ішінде Шымкентке баратын жаңадан қосылған 2 пойыз бар. 54 пойзыдың жартысы жаңа вокзал арқылы, қалғандары ескі вокзал арқылы жүреді. Астанадан ары қатынайтын, мәселен Қызылордадан Көкшетауға, Қостанайға баратын пойыздар ескі вокзал арқылы жүреді»,- деді Жеңіс Қасымбек.
Дереккөз: ҚазАқпарат