Ерденнің ауылы қалың қамыс өскен терең сайдың бойына шашырай орналасқан. Бас-аяғы жиырмадан аспайтын үй. Ауылдың шетінде шағын екі бөлмелі үйде жалғыз қарт тұратын еді. Шақыруға барғанда балалардың қорқа соғып, баратын үйі де осы.
Ауылдағы қайсыбір үйде той-садақа бола қалса, балалар шақыруға кететін. О заманда қазіргідей телефон байланысы мүлдем жоқ. Бір күні осы үйге Ерденнің де жолы түсті. Күз мезгілі еді. Күннің қара суығы бар. Алқызыл шапағы көкжиекке шашырай шыққан күн арқан бойы көтерілген мезгілде Ерденді көрші үйдің адамы шақырып алды да «Бүгін біздің үйде садақа бар. Түсте дайын болады. Соған осы ауылдың адамдарын шақырып бер», - деді. Бұған сылтау айтып жалтаруға болмайды. Айтты, болды, баруың керек. Бұл-ауыл балаларының үйренген әдеті.
Ерден көп ұзамай қолына таяғын алып, жолға шықты. Әуелі ауылдың шетінен бастайын деген оймен жалғыз қарт тұратын үйге беттеп келеді. Ауылдың көпшілік үйінде ит бар. Өзі иттен өлердей қорқатынның біреуі. Иттің дауысы шықса болды, жан- жағына алақтап, зәре-құты қалмай қорқады.
Ол ұлы жолдың бойындағы бұл үйдің де қабаған иті барын бұрыннан білетін. Сол үшін жолға шығарда қолына ұзын таяқ алған. Қалың қамыс өскен терең сайдың жағасына емініп тұрған бұл үйдің қорасының бір жағы ашық. Қалған жақтары шөп-шаламмен қоршалған қора. Ерден жақындай бергенде қорадағы ат пысқырып, қабаған ит атып шықты да шабалаңдап, үйге кіргенше ізінен қалған жоқ. Ұзын таяқты сілтеген сайын ұшын тістелеп, өршіге түседі. Итпен жағаласа жүріп, Ерденнің қолы есіктің тұтқасына әзер дегенде жетті-ау. Есікті тартып көріп еді. Ішке қарай ашылады екен, ашылмады. Сосын жай ғана тықылдатып қаққанда, арғы жақтан қарттың «Әй, кімсің?» деген қатқылдау дауысы шықты. Ерден «Көрші үйдің баласымын. Құрманның үйінде бүгін түсте садақа бар еді, соған сізді шақырып келіп тұрмын», - деді. Бір кезде есік ашылып, түсі суық қарт «Кір!» деп айтты да ізіне қарай бұрылып жүре берді. Ерден еріп, түпкі бөлмеге қарай жүргенде бір қара суық қарып бара жатқандай әсерде болды. Сыздың иісі де қолқасын қарып кетті.Кірген бөлменің ортасына қарай сұғынған ошақтағы шәйнектің түбін қызыл жалын жалап жатыр. Қарт шағын дастарханды иегімен нұсқап, «Нан ауыз ти» деген ишара білдіргені сол-ақ еді, Ерден наннан ауыз тиді де кетуге ыңғайлана берді. Оның сол аз уақыттың ішінде көзі үйдің ішін толық шолып шықты. Төрде ескірген сандықтың үстінде тозығы жеткен көнетоз көрпе-төсектің қасынан қара мысық түсті де шалдың жанына келді. Қабырғада ат әбзелдері мен ілулі тұрған мылтыққа көзі түсіп кетті. Сығырайған терезе көзінен тозаңытқан күн сәулесі түсіп тұр. Ошақтағы иісі бұрқыраған қидың қып-қызыл шоғына көзін тіккен әлгі қарт үнсіз ойға шомып, шай ішіп отырды. Ерденмен шаруасы болған жоқ, өзімен өзі.
Қабағы түсіп, жүзінің нұры әлдеқашан қашқан, түсі сұп-суық. Бетіндегі айғыз-айғыз әжім өткен өмірінің айқыш-ұйқыш жолдарынан сыр шертіп, хабар беріп тұрғандай. Қасына келген қара мысық біресе қартқа, біресе ошақтағы отқа көзін ашып-жұмып қарап мүлгиді. Бұл екеуі әлдеқашаннан бері бірі-біріне бауыр басып, үнсіз ұғысқан жандар сияқты. Ерден бала да болса азғана уақыт аялдаған сәтінде осының бәрін көзбен көріп, ой елегінен өткізіп үлгерген. Осы көрініс сезімін оқыс оятқан ол, өзін бір түрлі сезініп, денесі түршіккен күйінде шығып кетті. Артына қайырылып қарамастан адымын тез-тез басып, жолына түсті.
Суық үй... Сүреңсіз өмір... Солғын тартқан жанарлар.. Ұзаққа созылған үнсіздік.. Тылсым тыныштық...
Осы бір көңілді құлазытқан көрініс көпке дейін Ерденнің көз алдынан кетпеді. Есіне түссе, бойын қолайсыз сезім билеп, бей-жай күй кешетін болды.
Әлі де оңы мен солын толық танып үлгермеген Ерденге бұл жағдай ерекше әсер етіп, терең ойға жетелей берді. Сол сәттегі ойлардың орамында ауылдың үлкендер жағының айтқан мына бір әңгімелері есіне түсіп кетті.
Бірде қызу әңгімеге кіріскен ақсақалдар әлгі жалғыз тұратын қарт жайлы: «Мына пәленшекеңнің де кезінде дәуірлеп тұрған шақтарын көрдік ғой. Жас кезінде атқа мінердің бірі болды. «Ақ дегені-ақ, қара дегені – қара» болып, «түф» дегенде түкірігі жерге түспеген, мейірімі жоқ, өте қатал адам болды. Бір үйге қонаққа келсе, атынан түспей, атының басын біреу ұстап, қашан түсіріп алғанша шіреніп тұратын, тәккәпар еді. «...Осы адам маған мына- дай жақсылық жасады» деген бір кісінің ризашылық сөзін естіген емеспіз. Міне, өмірінің ақыры-қартайған шағында сағы сынып, Құдай қарғағандай кемпірі де о дүниелік болып, бала-шағасыз, жападан жалғыз қалып отыр.
- Ағайын-туысы жоқ па?, - деді біреуі. - Ой,сен де қызықсың, ол кезде «өз буына өзі пісіп» жүргенде ағайын-туысты ойлай ма? Арасы суып кеткен соң ағайын неғылсын, -деді мән-жайын анық білетін кісі.
- Міне, өмірде қарғыс алмай, алғыс ал, жақсылық жаса, қайырымды бол!» дегеннің мәнісі осы. Бірақ пендеміз, оны біліп жатқан жоқпыз ғой» дескен еді... Ол әлгі үйден ұзап кетсе де үйдің «суық лебі» арқасын қарығандай әсерден көпке дейін арыла алмады. Жүріп бара жатқанда «Қарттың үйіне барған балалардың қорқатын себебі-үйдің әлгіндей «Суық көрінісі ме екен?» деген ойда болды.
Қалай десек те осы суық үйге бару балалар үшін өте қорқынышты болатын.
Өрбісін СҮЙЕГЕНОВ