Меңдеш Салиховтың «Жизнь в эпоху перемен, не нефтью единой...» естелік-эссесі 500 дана таралыммен Алматыдағы «Полиграфкомбинат» баспасынан жарық көріп, жуырда тұсаукесері өтті.
Бұл кітапты мен өмірлік және іс-тәжірибелік бай қоры жинақталған, мемлекетіміздің саяси ахуалына салмақты көзқарасы қалыптасқан, қазақша айтқанда «көпті көрген, топты көрген» адамның көпшілік мақұлдауға лайық ой-пікірі, түсінік-тұжырымы деп бағалар едім.
Мамандығы – мұнайшы, экономика ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар жоғары оқу орнын бітірген, оның үстіне ұзақ жылдар өндірісте, партия-кеңес саласында басшылық қызмет еткен адамның өмірлік ұстанымы мен жеке көзқарасының көпшілік түсінік-танымымен қабысып, табысып отыруы оның халықшылдығын, отансүйгіштігін айғақтайтын анықтауыш деуге болады.
Бұл кісі мұхиттың арғы бетіндегі демократияшыл мемлекетте 3 жыл өмір сүріп, капиталистік және социалистік екі формацияның ара-жігін көзбен көріп, көңілмен түйсінуі – адами, азаматтық болмысын айқындай түскен сынақ жолы секілді көрінді.
Көпшіліктің көкейінде түйткіл болып жүрген көптеген сұрақтардың шешімі осы кітап беттеріндегі дәйектер мен деректерден, сындар мен сараптама талдаулардан табылады деп сенемін. Бұл – кітаптың тарихи-құжаттық, зерттеу-дереккөздік құнын арттыра түсетіні сөзсіз.
Кітаптың бас кейіпкері тек өткен ғасырдың 90-жылдары елдің талан-таражға түскен табиғи байлығы мен білімсіздік пен тәжірибесіздіктен құлдырай бастаған экономикасына білікті маман ретінде алаңдаушылық білдіріп қана қоймайды, ол – шетелмен қарымқатынаста инвестициясының оң жолға түсуіне тікелей араласқан іскер – бітімгер.
Кітап қысқа естелік-эссе түрінде жазылған, оқылуы жеңіл, ойы терең. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғаларды талдап, баяндау барысында кітаптың өне бойынан шындықтың шымырлаған жылғасы жұлын омыртқадай тұтаса ағып жатқаны көзге көрініп тұрады және ол шындық, айғақтар жалаң сөз емес, нақты сандармен айшықталса, оқырманның кітап авторына деген сенімі мен ілтипатын арттыра түсері анық.
Кітапты ашқаннан оқырманмен ашық ой бөлісе бастайтын, жаратылысындағы қазақы қасиетті сақтай отырып, қазіргі заманға лайық жалпы адамзаттық ұстанымдар мен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіре білген, білім мен ғылымның жаңалықжетістіктерін назардан тыс қалдырмайтын парасат-пайымы жоғары азаматтың жеке тұлғасы жастарға үлгі-ұстын деп қабылдауға негіз бар.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жас ұрпақ ардагерге алғыс айттыОның 11-ші - «Ой пікір сандығынан» бөлімінде ел басқарушыларға өзінің елді көркейтуге тиіс деген ойпікірлерін бүкпесіз ортаға салуы, әр аймаққа қатысты ақыл кеңесімен бөлісуі – нағыз отансүйгіш азаматтың ісі деуге лайық.
Автордың өз ойларын жалтақтамай, тура, ашық айта білуі – оның батылдығы мен өзіне сенімінің куәсі.
Жалпы алғанда, бұл – шынның жүзіне тура қарап оқырманмен ой бөліскен сирек кітаптардың бірі. Сондықтан авторға денсаулық және шығармашылық табыс тілейміз!
Үміт ЖӘЛЕКЕ