Әзіл – шыны аралас
Баяғыда студент кезімде әкем марқұм «Қалтаңда тамақ пұлың таусылса достарыңа бар. Сыра пұлың сарқылса нағашыңа бар» деп айтып отырушы еді. Ол кезде «Қалың орыстың ішінде қайдағы нағашы» деп іштей күліп қоятынмын. Сөйтсем, әкем бес-он жыл емес, стратегиялық жоспарын айтқан екен ғой. Университетті бітіргеніме 35 жылдың жүзі болды. Өзімнің зейнеткерлікке шамаласқан шағым. Бір күні қарасам банкомат карточкамда көк тиін жоқ. Әлі айдың бітуіне таяқтай он күн бар. Баяғы 40 жыл бұрын әкемнің айтқан ақылы ойыма сап ете қалды. Ойпырмай, ол ақыл осы уақытқа дейін есіме нағып түспеген? Бірақ аса бай болмасам да, қалтамнан үнемі тиін-тебен үзілмейтін. Сосын нағашыларымды іздемеген сияқтымын. Енді міне, аяқастынан қажет болып қалды.
Қай жерде қандай нағашыларым бар, саусақ бүгіп санай бастадым. Анау НГДУ-дағы нағашымның табысы бәйбішесінен жасырып жинағаны тоқалына жетпей жүр. Әлгі ағаш сататын нағашымды Ресей мен Белоруссияның қалың жынысты ормандарынан таппасаң, жазда Жаңаөзеннен таба алмайсың. Ал қой базардағы текені буаз ешкі немесе шыбыш деп сататын нағашымнан түк шықпайды. Енді, кім бар? Айтпақшы, «Өзенинвест» МКК-да анау атағаштай сырыйған нағашым бар екен ғой. Соған барайын.
Бардым. Кабинеті құлыптаулы тұр. Келгенше күтуге, жөні түзу қабылдауханасы да жоқ. Кабинетінің алдындағы түлкінің ұясындай, қап-қараңғы, тап-тар бөлмеде жамбас басар ұлу тас та жоқ. Ауасы да тар. Азғана тұрсаң өкпеңді қысады. Сосын мекеме басшысының қабылдау бөлмесіне барып аяқ суытуға мәжбүр болдым. Бардым. Кірдім. Бұрынғы хатшы қыздың орнында басқа біреу отыр. Рұхсат сұрап отырдым. Мекеме директоры Мұхтар Шалқаровтың кабинетінде айтыскер ақындардың дауыстары шығып жатыр.
- Мұхаң, видео көріп отыр ма? - Жоқ, шөптермен дауласып жатыр. - Түсінбедім, шөптермен дауласқаны қалай? - Түсінбейтін несі бар, қалада жазымен ауыз су белгіленген кестемен беріліп жатқанына екі-үш айдай болды. Содан су жетпей қурап қалған шөптер директорға жалбы жасап келді. Айтысып жатқан солар, - деді әлгі қыз.
Мәселенің мән жәйін енді түсіне қойдым. Әлгі қызға көрсетпей, диктофонымды қосып, есіктің тесігіне жақындатып қойдым. Сондағы таспаға жазылған мыналар екен.
Егіндер:
- Ассалаумағалейкум, Мұхтар аға! Әртүрлі сылтауларды тықпалама. Кестеңдегі суыңды дұрыс беріп, Тамтарыстан халықты құтқар аға!
Үндемес, кішіпейіл, Мұхтар аға, Су сұраса орынсыз бұқпалама. Басымызға төніп тұр қауіп-қатер, Ұмытпай есте сақта мықтап аға.
Тағы айтамын қайталап, Мұхтар аға, Ұшыратпа ел-жұртты, жұтқа бала! Суыңды дұрыстап бер тұрғындарға, Кенелсін десең егер құтқа қала!
Қолдан жасап жақынды алыс қылма, Су жеткізбей жүйкені қарыстырма. Жапырағы жайылар Жаңаөзенді, Мұнайлының мұңымен салыстырма.
Мұхтар:
- Оралман тұрғындарға сеніп тұрмын, Қиялдың құшағына еніп тұрмын. Еділден келген суды ерінбестен, Реттеп бөлістіріп беріп тұрмын.
Жыласаң құдай басты құрайды ма? Құрамаса тақымды бұрайды ма? Жаңаөзенге келген суды шелегіммен, Әкетіп жатқаным жоқ Мұнайлыға.
Қәуесет әңгімені тыңдайсыңдар, Осылай бір-біріңді шыңдайсыңдар. Бөрінің арты сынды шуылдасып, Үш-төрт ай жазда сабыр қылмайсыңдар.
Егіндер:
- Мұхтаржан, сені сыйлап мақтар едік, Қол созып, қысылғанда жақтар едік. Бөлістіріп суыңды дұрыс берсең, Өмір бойы сабырды сақтар едік.
Күнарадан су ағар қияқтанып, Алғандай жер астынан құй ақтарып. Келген су тамырымызға жетпей жатыр, Нәрестенің дәреті сияқтанып.
Сабақтан сабыр сақтап үзілмедім, Сен болсаң сыртымыздан күжілдедің. Сырылдаған суларың жетпегесін, Кішімішке айналды жүзімдерім.Дейсің сен «Елге сенім бекіп жатыр,
Осының өзі өзіме жетіп жатыр». Жіберген суың жетпей тамырыма, Алманы құрттар тесіп кетіп жатыр.
Бойлары екі қарыстан ұзара алмай, Шөлден қатып, қамалды бұза да алмай. Қураған жапырақпен қырдан аспай, Қызынақ тұр сабақта қызара алмай.
Бұл егіндер Мұхтардың сыйын ұқты, Жауабына түсінбей қиын ұқты. Желектері желкілдеп өскен сәбіз, Жетіліспей желкесі қиылыпты.
Құбырдағы су қалғасын тыйылып, Түк шықпады барсақ дағы жиылып. Шөлден қурап гүлдеп тұрған шағында, Қияр қалды қыршынынан қиылып.
Сәбіз жатыр жер астында салбырап, Пісетұғын дер кезінде балбырап. Судан қурап қалғандықтан сабағы, Ивандардың шашы сынды жалбырап.
Біз тұрмыз орнымызда жатып, құлап, Өзеннен таба алмай қатып тұрақ. Әкімдік алдында өскен ажырықтар, Біздерден мың бір есе бақыттырақ.
Газон деген атақпен қуанады, Болмаса да қасында су алаңы. Жұп-жуан шлангамен күндіз-түні, Еділден келген сумен суарады.
Мұхтар:
- Жасаймын деп сендің бе батыл нүкте? Тұрмайды біздер үшін басың түкке. Күндемесең біреуді болмайды ма, Нең бар еді қалалық әкімдікте?
Бұлайша жасамаңдар қазылықты, Бұл сөзімді сау түгіл таз ұғыпты. Бермесекте алыстау ауылдарға, Шөлдетуге болмайды ажырықты.
Жақсысыңдар шуылдап таласқанда, Су үшін бастықтармен санасқанда. Үйлеріңнің қасынан бір-бір құдық, Алсаңдаршы қаздырып Қараштарға.
Егіндер:
- Суайттар сыбағадан құр қала ма? Еске алып, ескі әуенді жырлама аға. Қараш қазған құдықтар ұмытылды, Судыратып жан-жаққа бұрмалама!
Ізіне жақсылардың ермейсің бе? Еруге ешкімге әлде сенбейсің бе? Көгалды суаруға қаладағы, «Боқ судың» суын тартып бермейсің бе?
Көмейін ауыз судың тар қылдыңдар, Халықты шөлден қысып, зар қылдыңдар. «Өзенмұнайгаз»ымның бастамасын, Аяқсыз неге аға қалдырдыңдар?
Қиналып қолыңды бір сермедің бе? Қимай қарап, бүгінгі ермегіңе. Тұрғындар құтылар еді қиындықтан, Тұшытып теңіз суын бергеніңде.
Қуанып әр ісіңе күлсін бала, Су болса жайқалатын гүлсің дала. Өзенге уақытша келдім ғой деп, Әскердегі сарбаздай жүрсің бе, аға?
Мұхтар:
- Аштық кейіп байқалмас ажарыңда, Сатып алмас жоқ жағдай қажарыңда. Жеміс, жидек, көкөніс толып тұр ғой, Өзеннің Бөкен деген базарында.
Әкеп тұр әртараптан туыстарға, Тұрған кезде мол теңге уыстарда. Саудагерлер сатады жазыменен, Жол бойы, қалтарыс пен қуыстарда.
Қысыр малдар жүргендей желін керіп, Жерді жыртып не керек терін беріп. Сатып алып жемей ме, қожайының, Жаңаөзенде не керек егін егіп?
Егіндер:
- Қазақтың зат сатып жүр сан қыздары, Бар ішінде көкеңнің балдыздары. Базарларда толып тұр, дәмі судай, Шымкенттің селитра сіңген қарбыздары.
Қурап жатыр Өзеннің ауылдары, Көңілді бөлмеген соң «дәу ұлдары». Базарды тағы жаулап алып жатыр, Түрікпеннің көктей үзген қауындары.
Жол таппай қайран қазақ қарманады, Тістеулі жүрсе дағы бармағы әлі. Гербецид, пестицидпен қоректенген, Қаптап тұр қытай, иран алмалары.
Айтшы кім, осыларға алаңдады? Денсаулық далада қап далаңдады. Шын айтасың сатып тұр базарларда, Іші-сырты шіріген банандарды.
Жиналған қыстың күнге қорымыз жоқ, Ауыз су жазда шығар сорымыз боп. Мұхтар аға, қайтеміз біз сорлының, Айтатын зарымыз бар, зорымыз жоқ.
Мұхтар:
- Керегені күш салып кере алмаймын, Өсек аяң сөздерге ере алмаймын. Салғыласып отырар уақтым жоқ, Мың жерден зарласаң да бере алмаймын.
Егіндер: - Мұхтар аға, жағдайды ел біледі, Біздердің арманымыз теңдік еді. Нақты жауап таба алмай бүгежектеп, Осылай дейтініңіз белгілі еді.
Түспеген жер бар, көздердің қиығы әлі, Қазіргі адам «Сүйенішке» сыйынады. Рахатқа күнімен су ақса да, Теңге, Арай да түске жетпей тыйылады.
Шабаевта сертіне берік еді, Ол орынға Шалқаров келіп еді. Бір өзгеріс болар деп үміттеніп, Сізге халық имандай сеніп еді.
Шалқаров шайқап жұртты нетіп отыр? Ашуға мінген халық бекіп отыр. Шабаевты құшақтап көрсе қазір, Жылайтындай жағдайға жетіп отыр.
Білеміз билік бізге «Тек» дейтінін, Кестелеп суды құртып шектейтінін. Білеміз Өзендегі су қорының, Екі жарым тәулікке жетпейтінін.
Сылтау айтып, о аға, ақталмағын, Шошаймасын біздерге басбармағың! Білеміз Дегромон, сусақтағыш, Елу мыңдай адамға шақталғанын.
Айтпаған сырымыз көп досың әлі, Естімеп пе едіңіз осыны әлі? Жүз алпыс мың тұрғынға Өзендегі, Жиырма мыңдай шабашник қосылады.
Шындықты айтсақ бастықтар тулайды ғой, Бірін-бірі қорғаштап шулайды ғой. Өзенде қырық-елудей «Мойкалар» бар, Көліктерді «Сарыағаш»пен жумайды ғой.
Талай қулық билеп тұр сұм сананы, Шындықтың шайқалмасын шын табағы. Осы айтқанның бәріне таза ауыз су, Өллә-біллә, шын айтам, жұмсалады.
Құлақ салып, бізді де бағалаңыз, Тәуекел деп тұлпарды тағалаңыз. Халыққа бізден пайда көп тиеді, Табиғи таза өнім боп саналамыз.
Жегенде бізден шықпас «Жарты құлақ», Іш ауырып жатпайды қарты құлап. Жан-жақтан тасымалданған көкөністен, Сапамыз мың бір есе артығырақ.
Көңіліңді бізге қалай бұра аламыз? «Халықты ойла» деп тұр ғой Нұр ағамыз. 45-50 градустық ыстықтарда, Қалайша қурап қалмай тұра аламыз?
Өсейік бір сезонда көрмей азап, Жүрейік өзгелерге болмай мазақ. «Қызым саған айтамын мәселені, Келінім сен тыңдашы» деген қазақ.
Бұл өзі жылда айтылар тұрақты аңыз, Бір маусымдық арманды құлатпаңыз. Өзіңізге айтқанмен мәселені, Билікке біз жасаймыз Құлаққағыс.
Таспаға құлақ түріп, көшіріп алған: Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы.