©
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ 1985 жылдың 17 қазанында Маңғыстау облысы,
Бейнеу кентінде туған. Өлеңдер топтамасы
«Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» (2006ж.),
«Жастар жырлайды» (2013ж.), «Маңғыстау мақамдары» (2013ж.),
«Жыр маржаны» (2015ж.) жинақтарына енген.
ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық
жастар фестивалінің жеңімпазы (2016ж.).
«Жансусар» (2008ж.), «Аспан хаттары» (2016ж.) атты
жыр кітаптарының авторы.
БАБАУ-БАЯН
Бұл шаһарға кетті екен неше күз кеп, Бұрындары келетін шешем іздеп... Біздің ауыл – кең аймақ, бөлек мекен, Бірақ онда ешқандай кешегі із жоқ. Білмедім ал, жүрерге жол көп пе еді, Балалықтың аңсатты сол көктемі. Бəйшешекті теруге асығатым, Бейнеу мендік жүректі шөлдеткелі... Бəлкім, өтем үлде мен бүлде көрмей, Бұйырғаны – жалқы бақ дүрлі өлеңдей. Бұлттанып көк төбемнен түнереді, Бала болып ешқашан күлмегендей. Баябан қыр, бағзыдан жұрт қалады, Бейтаныс бір өмір бар бұлттан əрі... Безіп кетсем белгісіз бағыттармен, Боз жусанның көз жасы күрт тамады. Бəрін байқап, көріп тұр аспан, міне, Біреулерге таң емес – жас тамды не. Бейіт жаққа барған ем анамды іздеп, Басқа дүние ол енді, басқа əңгіме...ЖУСАН ЖАЙЛЫ ЖЫР
Екеуміздің тамырымыз – далада, Ауылда өтті ду шағым. Адастың ба, қайдан келдің қалаға, Жұпар атқан жусаным? Күз де түсті, көзден ұшты жаз-көрік, Бастан дəурен ауғанда. Жас балаша қуанушы ек мəз болып, Жылы жаңбыр жауғанға. Білесің бе, Бейнеу емес, бұл – Ақтау, Тас қаптаған тар көше. Мен кеткелі ауылымнан жырақтау, Сенбен бақыт бар десе. Бақыт деген – туған жер-ау, шамасы, Сол мекенде тұрақтау. Қайырымы жоқ қарбаластар қаласы, Бейнеу емес, бұл – Ақтау. Бір иіскесем дертім емін табасың, Айырықтанған басыңнан. Дəл осылай иіскеуші еді анашым, Менің балғын шашымнан. Екеуміздің тамырымыз – далада, Мына дүние – қу сағым. Кімді іздедің, қайдан келдің қалаға, Жұпар атқан жусаным?ЖАЗЫЛМАҒАН ХАТТАРДАН
Өшті де күлге айналды сезім шоғы, Бір жырмен аяқталды сөзім соңы. Бір рет кездеспей ме махаббат та, Неге екен, түсінбеймін өзім соны. Сүймедім бəлкім əлі шын ғашық боп, Немесе өлмедім мен шыңға асық боп. Жаныма жолдас қылып жалғыздықты, Күзбенен кетсем керек мұңдасып көп. Мұңымды ұғынумен күз баратты, Содан соң берілмедім қызға қатты. Ешқандай жазығы жоқ сол көктемнің, Жаныма дегенменен сыз да батты. Жанымды жаралаумен сыз батқалы, Дүниенің сырт айналды мұздап бəрі. Махаббат, құрып кеткір, бір келгенде, Жүректе қалды шердің жүз батпаны. Алайда бұл емес-ті торыққаным, Жəне де жоғалтудан қорықпадым. Шүкірмін, бағым да бар, сорым да бар, Сен бірақ маған қайта жолықпағын. Шаршадым!..БӨТЕН МАУСЫМ
Қайтейін, өткен жазға оралмаймын, Көшті ғой бастан гүл дəурен. Мен бұрынғыша мəз бола алмаймын, Уақыт тұр құнын бұлдаумен. Жүрегім – жалғыз, өліп кеткендей, Сөніп кеткендей нұр сезім. Көрмедім деймін көрік көктемдей, Сұлу болса да жыр сөзім. Айналған сынды мыстанға ақырап, Көңілге түрлі мұң салды. Жер құшты талдан ұшқан жапырақ, Құрбандыққа оны кім шалды? Оқылмай қалар бір өлең көзде, Жалғанды жасқа шылармын. Жап-жасыл жаным жүдеген кезде, Маған да туар құлар күн. Қоштаспайыншы енді ешкімменен, Шын сүйген сол бір қыз – елес. Мен сонда күзге сенбеспін деп ем, Ал мынау келген күз емес. Басқа біреу...СІЗГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ
Жапырақ па сарғайған, жүрегім бе, Өзім жайлы расында білемін не? Алыс-беріс тіршілік жалғасулы, Дайындалып бірі өмір, бірі өлімге. Күз ғой енді... Топырақ па қарайған, түнегім бе, Қаламын ба расында мұң елінде? Құстай ұшып қыз кетсе ұзатылып, Жыларын да білмейді, күлерін де. Күз ғой енді...КҮЗ, КҮЗ ЖӘНЕ КҮЗ
(триптих)