«Қарақия» газеті туралы

"Қарақия" газеті туралы«Қарақия» газеті туралы

Қарақия аудандық газеті  «Коммунизм таңы» деген атпен 1985 жылдың 1 шілдесі күні алғашқы санын шығарды. Бұл Қарақия ауданының экономикасы нығайып, сол кездегі Одақ көлеміне танылған іргелі аудан болып қалыптасқан кезі-тұғын. Оның үстіне 1985 жылдың сәуір айынан басталған елдегі демократия мен жариялылыққа бет бұрған кезеңнің бастауында қолға алынған игілікті іс болатын. Өйткені көлемі жағынан облысымыздағы ірі ауданның өсіп-өркендеуі мен тіршілік тынысын аудан тұрғындарына жеткізіп отыру күн тәртібіне шықты.

Аудандық газеттің алғашқы редакторы болып, А. Жамаледдинов бекітілді. Қажетті базасы мен маман журналистердің жоқтығына қарамастан, ел ішіндегі талантты жандардың қолдауымен газет шығару, оны сонау Жаңаөзен қаласына апарып, аптасына үш рет шығару технологияның қарапайым кезінде күрделі шаруа екені белгілі. Сол кездерде журналистік жұмысқа араласқандардың көбі қазір облысымыз бен Республикамызға белгілі мамандар. Оларды атап айтсақ: Мырзатай Болат, Ізтұрған Ахметов (марқұм), Болат Үмбетов, Еркеш Нәрембаева, Майра Ғұмарова т. б.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы 2 наурызда аудандық газет оқырмандардың, аудан тұрғындарының қалауымен «Түлеген түбек» деп аталды. Амантай ағамыз осы газетте 1994 жылға дейін істеді.

Аудандық газетке 1994 жылдан 2001 жылдың күзіне дейін Өтежан Ақташұлы Оңғарбаев редакторлық етті. Бұл кезеңді қазір тоқырау кезеңі деп атап жүрміз ғой. Шынында да тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикалық қиындықтар барлық салаға қиын тиді. Газеттегі маман журналистер күн көріс қамымен басқа салаларға ауыса бастады. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, Өтежан ағамыз газетті уақтылы шығаруға бар күш жігерін сарп етті. Бірақ өкініштісі сол – аудандық газет нарық қыспағынан ақыры жабылды.

Араға бір жыл салып, кәсіпкер, «12-Телеарна» ЖШС директоры Есболған Мұханов ағамыз бұл істі қайта қолға алып, 2002 жылы 9 қыркүйекте «Қарақия жаңалықтары» атты аудандық газет шығара бастады. Маман журналистерсіз, тек бір адамның редактор болуымен жарыққа шыққан аудандық газеттің бір жақсылығы – жаңа, заманауи технологияларды қолдану арқылы газеттің көркем безендірілуін қамтамасыз етуінде болды десем артық айтқаным емес. Аудандық «Қарақия жаңалықтары» газеті де өз кезінде алға қойған мақсатын толық орындап шықты деп айта аламыз. Бұл газет 2003 жылы 31 желтоқсанда аудан әкімдігімен келісім шарттың аяқталуына байланысты, жұмысын тоқтатты.

2003 жылы 31 мамырында облыс әкімінің аудандық газеттерді коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қылып қайта құру туралы қаулысы шықты. Осы қаулыға орай, 2004 жылы қаңтарынан бастап, Қарақия аудандық газетін қайта құру қолға алынды. 2004 жылдың ақпан айына дейін аудандық газеттің ашылуына қажетті құжаттар жинақталып, мемлекеттік тіркеуден өткен соң, оның алғашқы саны 27 ақпан күні шығарылды. Газеттің материалдық-техникалық базасының нығаюына аудан әкімдігі көп көмек тигізді. Көлікпен қамтылды. Газетке 9 штат бөлінді. Сөйтіп, аудандық газеттің мүмкіндігі кеңейді.

Аудандық «Қарақия» газетіне 2008 жылдың сәуір айынан 2010 жылдың тамыз айына дейін Шынар Кендін, 2010 жылдың тамыз айынан 2013 жылдың сәуір айына дейін Қаламқас Сатыбалды, 2013 жылдың қыркүйек айынан 2014 жылдың шілде айына дейін Әбдуәли Махамбетов, 2014 жылдың шілде айынан 2015 жылдың маусым айына дейін Анар Қалжан редакторлық етті. Бұлардың барлығы да аудандық газетке өз қолтаңбаларын қалдыра білді деп айтуға болады.

Аудандық газет өзінің шыға бастағаннан бергі 30 жылда талай белестерді бағындырып келеді. Онда ауданның тарихи шежіресі жатыр. Олай дейтініміз, газет беттерінде ауданда болған жаңалықтар мен тарихи мәні бар оқиғалар қатталған. Сарғайған газет беттерінен өткен күннің шежіресін тап басып, танығандай боласың.

Редактор өмірбаяны

Шынар Гэндэнқызы — 1972- жылы Монғолия, Баян-Өлке аймағында дүниеге келген. 1993- жылы Алматы,  Есік педогогикалық училищені үздік бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне тура жолдамамен қабылданды. Отбасын құруына байланысты оқуын кейін Улаанбаатар қаласында аяқтап, 1997- жылы Баян- Өлкедегі қазақ радиосында тілші-редактор болып қызмет атқарды. 2005- жылдан бастап ата жұртына келгесін, Қостанай облысы Жітіқара қаласындағы «Заман» радиосында тілші-диктор, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы «Ақкетік арайы» газетінде тілші, 2008- жылдан бастап Қарақия ауданында «Қарақия» газетінде редактор болды. Отбасылық жағдайына байланысты, қоныс аударғандықтан, «Нұр Отан»ХДП  филиалында қызмет атқарды. Араға бірнеше жыл салып, бұрынғы қызметіне қайта оралды. Қазір «Қарақия» газетінде редактор.

«Қарақия» газетінің қазіргі құрамы:

"Қарақия" газеті туралыШынар Гэндэнқызы — Бас редактор

"Қарақия" газеті туралыТөлеуова Майра – тілші