Бүгін Ақтауда «Жасыл ел – 2019» еңбек жасақтарының XV еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабит Шындәулетұлы қатысып, еңбек маусымының қаламызда жыл сайын белсенді түрде өткізілетінін ескеріп, жастарға жылы лебізін жеткізді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды табиғатты қорғаумен қатар, еңбекке баулитын жоба. Бұл бағдарлама бойынша жастардың қосымша қаржы табуына мүміндік мол. «Жасыл елге» қабылданатын жастың міндетті түрде әлеуметтік жағдайы ескеріледі. 14-22 жас аралығындағы оқушы, студенттер аталған жобаға қатыса алады. 2018 жылы бағдарлама аясында 347 жасты жұмыспен қамтамасыз еткен болса, осы жылы 300-ге жуық жас 2 кезең бойы жұмысқа тартылады деп жоспарланған. Ақтау қаласында 3 жылдан бері «Жасыл ел» бағдарламасы қалалық әкімдікке қарасты, «Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының» ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының «Ақпараттық және мониторинг» бөлімінің басшысы Меруерт Өтеген: «Жалпы 3 жыл ішінде атқарылған жұмыстар көп, айта кететін болсам қаламызды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, Ақтау қалалық "Қала жолдары" бөлімімен бірігіп жұмыс жасалды. Нәтижесінде ең алдымен жастар жаз мезгілінде уақыттарын бос өткізбей жұмыс жасады, қаламыздың тазалығына атсалысты, сонымен қатар өздеріне достар да таба білді». «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылы тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған еді. Қазіргі таңда табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қадірлеуге бағытталған бұл бағдарламаға еліміздің барлық аймағы белсенді қатысып жатыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ