14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған тегін базалық ағылшын тілі курсының үшінші кезеңі басталды. Курс Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының «Арман» коворкинг орталығында жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қазіргі уақытта коворкинг орталығында 2 топ білім алып жатыр. Жастарға арналған тегін базалық ағылшын тілін үйрену курсының сабақтары екі ай көлемінде аптасына 3 рет 1,5 сағаттан өтеді. Курсқа қатысушылар ағылшын тілінің «Elementary» және «Beginner» деңгейлері бойынша оқытудан өтеді. Ағылшын тілін үйренем деген жас курсқа жазылу үшін облыстық жастар орталығына хабарласа алады. Дәріс беретін мұғалім тілді әуесқойлықпен меңгерген болса да, курсты аяқтап шыққандардың деңгейі өте жақсы.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Мұқаш Бекенұлы: «Ақтау қаласындағы ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік беретін орталықтардың бағасына байланысты көптеген жастардың онда оқуына мүмкіндіктері жоқ екенін ескере отырып, өткен жылдан бастап Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы жастарға тегін ағылшын курсын ұйымдыстара бастады. Аталған курсқа топ жасақтау кезінде қаламыздағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыдан шыққан және қамқоршысынан айырылған жастарға басымдық берілді. Қатысушылар алғашында ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған тест тапсырып, тест нәтижесі негізінде топ жасақталды. Жыл соңына дейін 100 – ге жуық жас ағылшын тілінің бастапқы деңгейін меңгеріп шығады деп жоспарлап отырмыз», - дейді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ