«Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен, республикалық еріктілер желісі және Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Еріктілер клубы» "Жеңіс" республикалық жобасы аясында қаладағы соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, хал-жағдайларын сұрауда. Биыл да жалғасын тауып, үшінші маусымға аяқ басқан ардақты ардагерлерімізді құрметтеу жобасын жастар Тайқын Ақбасовтың шаңырағынан бастап, тағы да 8 ардагердің үйінде болды. Әрдайым үлкендерге көмек қолын созып, қарттардың қазыналы әңгімелерін, ақылдарын тыңдап, аталарының өсиетін көңілдеріне тоқып жүретін ерікті жастар тыл еңбеккерлерінің бүгінгі жағдайларымен танысты. Өткенінен сыр шерткен ардагерлердің өмір жолы, бастан кешкен небір сұрапыл жылдарынан хабардар болып, үй тазалау, су тасу, ыдыс жуу секілді қол көмектерін көрсетті. Сондай-ақ «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобалар қорының атынан азық-түліктерді ұсынды. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғау жолында белсенділік танытқан жастарға ардагерлеріміз де ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. "Жеңіс" республикалық маңызы бар қайырымдылық жобасы, ол Қазақстан қоғамын патриотизмге тәрбиелеуге, ел тарихын және соғыс ардагерлерінің ерлігін қадірлеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Жаңаөзен-Ақпарат