МАҢҒЫСТАУ
Дұшпанды елге жолатпаған, Досқа сырттан оқ атпаған. Сан мың қайғы бастан кешіп, Қасіретті жол аттаған – Маңғыстау! Күнəдəн пəк, аппақ далам, Ар-намысын таптатпаған. Арам ниет азғындарды Босағадан аттатпаған – Маңғыстау! Бастан кешкен талайы бар, Сырға толы маңайы бар. Жеті қайқы жырлап өткен, Сегіз арыс Адайы бар – Маңғыстау! Сайрап тұрған азаны бар, Қайнап тұрған қазаны бар. Адамзатты ғашық еткен Қарт Каспийдей ғажабы бар – Маңғыстау! Абыройы, айбыны бар, Көктен күлген ай, күні бар. Қара жерден атқылаған Қара алтындай байлығы бар –Маңғыстау! Елік, бөкен, киігі бар, Көкмойнақтың үйірі бар, Ғасырлардың куəгері, Бесшоқыдай биігі бар – Маңғыстау! Өркениетке қосары бар, Амал келсе, көш ағылар. Бірлік отын жылда жағар Отпан-Таудай ошағы бар – Маңғыстау! Тарих берген бағасы бар, Жұмбағы мол даласы бар. Əулиесі, данасы бар, Пір Бекеттей дарасы бар – Маңғыстау! Қашағандай ақыны бар, Иса-Досан, батыры бар. Сары даладан аңқып тұрған Боз жусандай əтірі бар – Маңғыстау! Түзде жортқан тағысы бар, Бойда жігер, намысы бар. Аңыз деуге болатындай, Абыз кеуде Əбіші бар – Маңғыстау! Терең кеткен тамыры бар, Көркем сөздің мəнін ұғар. Алты Алашқа қадірі бар, Светқали, Сабыры бар – Маңғыстау! Күнім сенде батқаны үшін, Таңым сенде атқаны үшін – Мен тағдырға разымын, Мəңгі бақи мақтанышым – Маңғыстау!
ЖАҒАДАҒЫ ЖҰБАТУ
Бір қыз бар теңіз жаққа асығатын, Бір мұң бар кеудесінде жасыратын... Теңіздей тулайтын да, тасынатын, Теңіздей шулайтын да, басылатын, Сол қызға жүрегімен ғашық ақын. Соны ойлап әр таңымды атырамын, Ол бірақ тыңдамайды ақын әнін... Біреулер желге ұшырып жіберіпті, Жанының жұлып алып жапырағын! Білмеді ол өкінерін, аһ ұрарын... Көргенде сол арудың күрсінгенін, Жүрегім шыдамайды, құрсын, менің. Ол тағы бара жатыр мұңға батып, Сүйрелеп теңіз жақтан құр сүлдерін... Жатқандай жанарында бір сыр керім... Кім екен саған берген тұмса мұңды? Неліктен жан-дүниең мұнша ауырды? Жыладың жанарыңнан жас тамшылап, Жыладың, құшақтап ап құрсағыңды. Солдырып алғансың-ау гүл шағыңды... Мен сені жұбатардай, не білемін? Білерім – өлең оқып беріп едім. Орныңнан тұрдың дағы кете бардың, Сауалым қинағандай сені менің. Басылмай бара жатты еңіреуің... Барады мойнына артып мол күнəні... Амал не өкінгенмен... болды бəрі. Алдында махаббаттың сен адалсың! Қалқам-ау, сен адалсың, ол – кінəлі. Найсапты өмір ертең қор қылады... Мен оны содан кейін көре алмадым, Ол қайта бұл маңайға оралмады. Кеудеме мың сан күдік ұялатты, Сол қыздың жағалаудан жоғалғаны. (Қасірет, қасірет бұл – қоғамдағы...) Тағдыры көп қылғанмен əбігерін, Қыз еді – жүрегі аппақ, жаны керім. Сен оның жан жарасын жазып берші, Көк теңіз – көк халатты дəрігерім! Сол қызды көргім келед тағы менің...АРМАН
Жан ұшыра жанталасқан жандардан, Жан-жүрегім бір нəрсені аңғарған. Əр адамның кеудесінде арман бар, Ал сенде ше, бар ма арман? Бір-біріне ұқсамайтын талғамы, Əр адамның əр түрлі екен арманы. Сол армандар орындалса болғаны – Бақ-жұлдызың жанғаны! Текті жердің қызы болса алғаны, Деп білетін «маңдайымның бар бағы». Отанына қорған болса болғаны – Ер жігіттің арманы. Үміт күткен əрбір күннен алдағы, Махаббаттың бұйырса деп бал дəмі, Жар атанып, сəби сүйсе болғаны – Бойжеткеннің арманы. Өзен болған өмірінің бар мəні, Құт-береке – қолындағы қармағы. Алтын балық аулап алса болғаны – Балықшының арманы. Еңбек десе, елжірейтін жандары, Алтын дəнге толтырам деп қамбаны, Елге мол ғып астық берсе болғаны – Диханшының арманы. Ақ үмітпен атқан əрбір таңдары, Қос аяқтың сезілсе деп салмағы. Керек етпей қалса болды арбаны – Мүгедектің арманы. Бітер ме екен, замананың зарлары, Шырқалатын шын бақыттың бар ма əні? Ата-анасын тауып алса болғаны – Жетімдердің арманы. Күні-түні зікір етіп Алланы, Тым құрыса бір көрсем деп қағбаны. Пейіш баққа табан тисе болғаны – Мұсылманның арманы. Армандардың болмайды екен жалғаны, Алла жазса орындалар қалғаны. Бейбітшілік мəңгі болса болғаны – Бар Қазақтың арманы!