Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту және архивтер мен құжаттама басқармасы, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры «Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығымен» бірлесе отырып, «Тілдарын» республикалық олимпиадасының қалалық кезеңін ұйымдастырды. Оған 8 дарынды жас қатысып, бақтарын сынады.
«Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Махамбетованың айтуынша, бұған дейін сайыстың іріктеу турлары Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу аудандарында өткен. «Тілдарын» республикалық олимпиадасын өткізудегі басты мақсат – қазіргі таңда Елбасымыздың үштілділік саясатын насихаттау, бірнеше тілдерді білетін дарынды жастарды ынталандыру, олардың жетістіктерін бағалау.
-Бүгінгі сайыста жетістікке жеткен жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алады. Облыстық сайыс 21 қыркүйекте өтеді. Облыстық олимпиаданың жеңімпазы республикалық олимпиадаға Маңғыстау облысының атынан қатысып, бағын сынайтын болады. Ол жеңімпаздың Алматыға бару сапарының шығындарын толықтай ұйымдастырушылар көтереді. Тіл білгеннің ешқашан артықтығы жоқ. Жалпы, бірнеше тіл білген адам өзгелерден бір саты жоғары тұратыны рас. Оның біздің жеке басымыз үшін ғана емес, сонымен қатар, еліміз үшін де, айналамызға да пайдасы зор. Кезінде қазақ атамыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білімі біл» деген. Сондықтан да тіл білуге, білім алуға жастар әрдайым ұмтылуы керек,-дейді Жақсыгүл Махамбетова.Сайысқа қазылық еткендер қатарында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте және білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан Жеміс Кенжебаева, «Ұрпақ NEXT» қоғамдық қорының директоры Гүлжанат Мұратбай, «Айналайын» дамыту қорының ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Әлия Көпенова, Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің филология факультетінің доценті Әділ Кабылов, «Тумба» газетінің журналисі Нұрғаным Имашева және «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Махамбетова болды.
Байқаудың талабы бойынша қатысушылар алдымен әп сәтте-ақ өздерін үш тілде тәп-тәуір таныстырып өтті. Әрқайсы өздерінің мамандығын, оқып жатқан немесе тәмамдаған оқу орны мен жұмыс орнын, өздерінің өмірдегі ұстанымдары туралы мүдірместен баяндап берді. Байқаудың екінші кезеңінде сайыскерлер «Менің елім - Қазақстан», «Туған жерім - Маңғыстау» тақырыптарына қысқаша эссе жазудан сайысты. Қазақ тілінде жазған шығармаларын 20 минуттың ішінде ағылшын тіліне аударып, өз туындыларын қазылар алқасына оқып берды. Бұл жолы да байқауға дайындықпен келгендерін байқатып, әрқайсысы өз деңгейлерін көрсетуге талпынды. Ілеспе аудармадан шеберліктерін сынға салған үшінші кезең келіп жеткенде байқауға қатысқан жастар өздеріне ұсынылған мәтіндерді бір тілден екінші тілге аударды. Бұл кезеңде сайыскерлердің тілді еркін меңгеруі, сөздік қорларының деңгейі, аудармашылық қабілеттері сыналды.
Тағы оқыңыздар: Латынға көшкенде құжат ауыса ма?-Мен болашақта ағылшын тілінің мықты маманы болғым келеді. Өзімнің тілдік деңгейімді үнемі көтеріп отыруға тырысамын. Осы бағытта биылғы қыста Алматы қаласында өткен «Универсиада-2017» аталған студент жастардың қысқы ойындары кезінде және Астана қаласында өткен Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілер қатарында барып, еліміздің мәртебесін көтерген үлкен шараларға өз үлесімді қосып қайттым. Ағылшын тілін білу арқылы әлемдік деңгейдегі әдебиет пен ғылымға, мәдениетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие боласың. Сол себепті де өз замандастарым-жастарды көп тіл білуге ұмтылуға шақырамын,-дейді Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің ІІ курс студенті Зейнур Көбегенов.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысында І-орынға Махаббат Шаймаханова лайық деп танылып, жеңімпазға 10 мың теңге табысталды. ІІ-орыннан Қалим Әсемжан мен Еңлікгүл Тәжібаева көрінді (7500 теңге). ІІІ-жүлделі орын Зейнур Көбегенов пен Гүлсайра Керимоваға бұйырды (5 000 теңге).
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35188,35191,35190,35189"]