Қазақ жерінде жадырап Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда бөркін аспанға атып қуанған елдің қуанышын еселеп өмірге келген ұл мен қыз бүгінде екі мүшелге толып, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар мен азаматшалар. Маңғыстау ауданы да егемендікпен егіз туып, тәуелсіздікпен тел өскендерге кенде емес. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында тәуелсіздік құрдастарының бірқатарын таныстыруды жөн көрдік.
Еліміз өз егемендігін алған тұста дүние есігін ашқандардың бірі — Мәтжанов Қыдырбек 1991 жылдың 12 желтоқсанында Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінде дүниеге келген. 1998-2009 жылдар аралығындағы Алшын Меңдалыұлы атындағы орта мектептің түлегі. Маңғыстау техникалық колледжінде трактарист - машинист мамандығын алған. 2010-2011 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын Тараз қаласында шекара күзетінде өткізген. Қазіргі таңда аудан орталығында «Дәулет» көтерме сауда үйін ашып, аудан тұрғындарын арзан және тиімді бағада азық - түлікпен қамтамасыз етіп келеді.
— Қазақ елі егемендігін паш етіп, Тәуелсіздік таңы атқанда дүние есігін ашқанымды менің пешенеме жазылған бақытты күннің бірі деп білемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Бал тілім шығып, аяғымды апыл-тапыл басқан күннен бастап Тәуелсіздікпен бірге өсіп келемін. Содан бері жиырма бес жыл тарих парағына қатталды. Осы жылдар менің туған күнімнің ерекшелігін аңғара бастадым. Оған әке-шешемнің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында базар жағалап, қазіргі кезде жеке кәсіпкерлікті дөңгелентіп отырғаны қозғау салған дай. Тәуелсіздікті нығайту оңайлықпен келмеген екен. Оны біз дамытуымыз керек, мойнымыздағы парызымызды адал атқарып, алдыңғы қатардан көрінуіміз қажеттігін осы күндері айқын ұғына бастадым, — деген жігері мықты жас жігіт оған қоса мерекелер мен той - думандарда бейнекамераға түсіріп, тұрғындар алғысына бөленіп жүр.
Тәуелсіздік таңымен бірге түлеген ұрпақтың бірі – Тумышева Амандық Тарасқызы 1991 жылдың 16 -желтоқсанында дүниеге келген. 1997-2009 жылдар аралығында А.Меңдалыұлы атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Ш.Есенов атындағы университетте "Теңіз техника және технология" мамандығы бойынша диплом алған. Еңбек жолын аудандағы мемлекеттік салық басқармасында хатшы болып бастаған. Қазіргі таңда бала күтімімен үйде отыр.
— Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу пешенеме жазылғанына мақтанамын. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дүниеге келген қызының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады. Жастарға Елбасы жоғары сенім артып отыр. Бұған ата-ананың, ұстаздардың үмітін қосыңыз. Сонда бізге жүктелген міндет пен парыздың салмағы қаншалықты екенін замандастарым жақсы сезінеді деп білемін. Сондықтан да оқуда озат, қоғамдық өмірде жай отындай жарқылдап жүр. Мен өз қатарластарымды, тәуелсіздік құрдастарын ылғи да мақтан тұтамын. Олардың бәрі де алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденістерге бой ұрып жүр, — дейді Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Амандық.
Өз тілшіміз