Журналист: Қоғамның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасын өзгерту үшін не істеу керек? Қазір қоғамда негізінен, зорлық-зомбылық көрсетушіні емес, жәбірленушіні айыптайды. Кейде жәбірленуші озбырды өзі арандатты деп кінәлайды. Тіпті жәбір көрсетуші оны ұрса да "бастысы ішпейді, темекі шекпейді, отбасына ақша әкеледі, ал ең маңыздысы - бәрі солай өмір сүреді, сен де шыда", деп жұбатып жатады. Қоғамдағы бұл пікірді қалай тоқтатуға болады?
Ольга Третьякова, психолог: Жаңалықтардан Қазақстандағы танымал ер адамдардың зорлық-зомбылыққа қарсы флешмоб ұйымдастырғаны жайында көрдім. Бұл – өте жақсы идея. Ендеше неге бұл флешмобты тұрақты қозғалысқа айналдырмасқа? Сонда ерлер өздері секілді басқа еркектерге зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін насихаттайды. Әрбір адам зорлаушыны қолдап, әйелге: "тыныш өмір сүр, сабырлы бол",- деген сайын зорлық-зомбылық қылмысына сыбайлас болатынын ұғынып, жауапкершілікті сезінгені дұрыс. Өйткені озбырды қолаған әр адам сол сәтте жәбірленушіге зорлық-зомбылық көрсеткенмен бірдей. Яғни, шартты түрде ол зорлаушының қасында тұрып, ұрып-соғады немесе пышақ сұғады деуге де болады. Сол сәтте оның зорлаушыдан еш айырмашылығы жоқ. Ол да зорлық жасауда. Бұл бастама барлығына жетуі үшін әлеуметтік бейнероликтер қарапайым, әрі түсінікті болуы шарт.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы айту да өте маңызды, оған мүлдем төзбеу қажет. Мұғалімдердің балаларға дауыс көтеруі, ата-аналардың балаларын ұруы - бұл мүлдем дұрыс емес. Зорлық-зомбылықты қалыпты деп санау балалық шақтан басталады. Бұрын сауатсыздықты жою үшін барлығы үйірмелерге жиналып, бір сауатты адам барлық сауатсыздарды оқуға үйрететін. Осының арқасында адамдар өздері үшін мүлде басқа әлеммен танысты. Мәселен кітаптар әлемін ашты, дүниетанымды кеңейтті. Ендігі кезекте балаларға, жалпы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты психологиялық-педагогикалық сауатсыздықты жоюымыз керек. Зорлық-зомбылық азаймайды, ол көбейе береді. Желіде бір қызды айыптап жатқанын көрсек - күліп, әй, мынау бос сөз! - деп өтеміз. Бұл бізге ешқалай әсер етпейді деп мән бермейміз. Бірақ зорлық-зомбылық өздігінен жойылмайтынын және бұл жұмысты бізден басқа ешкім, үкімет те, шенеунік те істемейтінін ұмытпау қажет.
Вадим Третьяков, психолог: Мен айтылғандардың барлығымен келісемін. Мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары болуы мүмкін? Ең бірінші – жазаның бұлтартпау принципі, өйткені зорлаушылар жауапкершіліктен жиі құтылып кетеді. Екіншісі – белгілі бір тақырып бойынша үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсету. Сондай-ақ мектептен бастап зорлық-зомбылықтың дұрыс емес екенін оқытып, насихаттау жұмыстарын күшейту қажет. Жалпы адамдар не істеу қажет? Мен барлығына шынымен қорқу қажет дер едім. Дегенмен дұрыс қорқу керек. Өйткені, зорлық-зомбылық құрбаны да қорқады, бірақ ол қазіргі болатын оқиғадан емес, не болуы мүмкін екенінен қорқады. Бірақ ол жақын жерде не барын көрмейді. Олар зорлаушыдан қорықпайды. Сондықтан көбіне терапияда біз алдымен қорқыныш пайда болуы үшін жұмыс істейміз. Сонда ғана олар бір нәрсені өзгертуге күш-қуат алады. Зорлық көрсетушілер біздің жанымызда, олар балаларымыздың қасында деп қорқатын кез келді. Ер адам үйіне келіп, өз әйелін ұрып-соғады дейміз, бірақ ол ашуын үйге жеткізбей, жолда сіздің балаңызды кездестіріп қалса ше? Ал бала әлсіз болғандықтан озбырдың құрығына ілінеді. Ешкім мұндай оқиғадан қорғалмаған, оған кепіл де жоқ. Адамдар зорлық-зомбылықты басқа бір жерде, жабық есіктің артында, бөтен адамдарға жасалады деп санайды. Біз бұл зорлық жасаушыларды күніне бірнеше рет кездестіретініміз секілді біздің балалар да оларды жиі көреді. Бір автобусқа мінеді, көшеде олардың жанынан өтеді. Бұл – қорқынышты оқиға, сондықтан қорқатын уақыт жетті. Біз қорыққанда ғана бір нәрсе жасауға, мәселені шешуге күш табамыз.
Ольга Третьякова, психолог: Зорлық-зомбылықты байқап, оны анықтау – маңызды. Біз тигізетін жақсылықтың ең кішкентайы - зорлық-зомбылықтың болғанын айту. Мысалы, мектепте мұғалім балаға психологиялық немесе физикалық күш көрсеткенде үндемей қалмау қажет. Бұдан басқа корпоративтік зорлық-зомбылық та бар. Әдетте, лауазымы жоғары адам қысым көрсетіп, қорлап, қызметкерлерге дауыс көтеріп жатады. Қызметкерге дауыс көтеру де – зорлық-зомбылыққа жатады. Бұл ешқандай да көшбасшылық стиль емес, бұл – зорлық көрсету. Дегенмен бұл дүниеге барлығы да үйренген.