Ақтаудың 17 шағынауданындағы екі тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйлер мен аулалардың сапасына шағымданды. Жаңа ғимараттардың салынғанына небәрі 3 жыл болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
17 шағынаудандағы №112 және 113 үйлер 2021 жылы тапсырылды. Бірақ қазірдің өзінде кейбір құрылыстары адамдардың өміріне қауіп төндіреді дейді тұрғындар.
«Қабырғалардың қаптамасы құлап жатыр, екі үйдің алдындағы қоршау құлағалы тұр. Мұның бәрі өтіп бара жатқан адамдар мен тұрғындар үшін қауіпті. Субұрқақ әлдеқашан істен шыққан, ойын алаңы талаптарға сай емес. Құрылыс компаниясы мен қызмет көрсетуші мекемелер олқылықтардың орнын толтыруға асығар емес», - дейді тұрғындар.
Редакция Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясынан осы жағдайға байланысты жауап күтеді.