Ақтауда 31 шағынауданда «Дәулет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жертөледен жағымсыз сасық иіс шығатынын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, жағымсыз, сасық иістің шығып жүргеніне 2 айға жуық уақыт болған.
«Басында біз кішкентай балалар жертөлеге барып дәрет сындырады деп ойладық. Тіпті үйдің кіреберісінен мүңкіген сасық иіс шығып тұратын еді», - дейді тұрғындар.
«Бұл неғылған сасық иіс» деп тұрғын үй жертөлесіне кіріп көрген тұрғындар жағаларын ұстаған.
Сөйтсе, пәтер тұрғындарының бірі жертөледе тауық бағатыны белгілі болған.
Бейнежазбадан тұрғынның пәтер жертөлесінен арнайы тауық кетек жасап, 100-ге жуық балапан бағып жатқаны байқалады.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуші мүлік иелері бірлестігінің төрағасымен қалалық тұрғын үй инспекциясы тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
«Жертөле екі күн бұрын тазартылды. Мүлік иелері бірлестігі тарапынан тиісті улау жұмыстары жүргізілді», - деді қалалық тұрғын үй инспекциясы.