Түпқараған ауданында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Лукойл компанияларының біріккен кәсіпорны «Қаламқас Хазар Опейрейтинг» ЖШС компаниясының қоғамдық тыңдауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындармен басқосуға аудан әкімі Рахат Елтізаров пен компанияның бас директоры Құрманғазы Есқазиев арнайы қатысты. Бұдан бөлек, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері түрлі мәселе бойынша пікір білдірді.
Сұрақ-жауап барысында Құрманғазы Орынғазыұлы жаңа компанияның өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуде маңызды рөл атқаратынын айта келе, өндіріс жұмыстары кезінде экологиялық мәселелерге көңіл бөлінетінін жеткізді.
Басшылық сөзінше, компания алғашқы мұнай өндірісін 2028 жылы бастайды. Кен орнының теңіз аумағындағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында жүзеге асырылады деп күтіліп отыр. Болжам бойынша, жылына 4 млн тонна мұнай өндіріп, 2 мың адам жұмыспен қамтитын компанияның ел экономикасына қосатын үлесі қомақты болмақ.
Жаңа жобаға қатысты көптеген тиімді жайттарды айтқан компания басшысы алда мұндай жауапты жиындарда айтылған өзекті мәселелерді ескеретіндігін алға тартты.