Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «JasArt» жастар театрының «Беу, қыздар-ай» қойылымының премьерасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«JasArt» жастар театры Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың туындысына негізделген «Беу, қыздар-ай!» қойылымын сахналады.
Көрермендер жар іздеген жігіттердің махаббат оқиғасымен қатар ауылдың қызыққа толы өміріне сапар шекті. Ауыл тұрғындарының әзіл-қалжыңы, салған әсем әні, сауыншы қыздардың назарына іліккісі келген қаладан келген жігіттердің махаббат жолында ауылды көркейткен іс-әрекеті көптің көңілінен шықты.
Айта кетейік, қазіргі таңда әуесқой әртістерден құралған жастар театрының қоржынында жастар арасындағы әлеуметтік мәселелерді қозғайтын «Кіндік», «Дақ», «Той көйлек» және т.б. 5 туындылар бар.
Жыл соңына дейін көрермен назарына тағы 2 қойылым ұсыну жоспарланған.