Мемлекет басшысы «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акцияны барлық өңірлерге жолдаған еді. Жуырда бұл бастаманы Маңғыстау өңірі Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылдық кітапханасы қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық Коммуникация орталығының хабарлауынша, аталған акцияға орай Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылдық кітапханасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан 100 дана кітап табысталған. Іс-шараға Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов, басқарма басшысының орынбасары Гүлнар Жанамбаевна, Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана директоры Зауре Айтуарова, өңірлік ардагерлер ұйымы, филиал қызметкерлері мен оқырмандар қатысқан.
Сондай-ақ, Мұнайлы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Есенбай Құли, аудандық кітапхана директоры Забира Оразғали да атсалысты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әбілқайыр Жаңайұлы бастамаға қатысты өз пікірін білдірді.
- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда "Шын мәнінде кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек" - деп атап өтті. Аудандық кітапхана қорына 100 кітаптан 4 топтама сыйға тартты. Сол себепті, ауыл кітапханаларына жаңа туындыларды жеткізіп, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру ісін жандандыру қажет. Сондай-ақ, акцияның ең бастапқы мақсатының бірі – алыс шалғайдағы ауыл-аймақтарға жаңа туындыларды таратып, жастардың көркем әдебиетке деген құлшынысын ояту,- деді Әбілқайыр Байпақов
Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы 4 кітапханаға 4 топтамадан 100 кітап табысталады. Олардың қатарында Таушық, Кендірлі, Бостан және Қызылтөбе ауылындағы кітапханалар бар.