Мұнайлы ауданы Атамекен ауылының тұрғындары Қаламқас тұрғын үй алабына тас жол қашан төселетінін сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Облыс әкімдігінің телеграмына шағымын жеткізген ауыл тұрғындары жаз маусымы да аяқталуға жақын екенін, бірақ әлі жол салынбағынын айтты.
«Міне жаз айлары да аяқталуға жақын. Күз келсе ауа райы қолайсыз деп шығасыздар. Биыл көлік жолы салына ма? Салынбай ма? Бір нақты жауабын берсеңіздер екен», - дейді ауыл тұрғындары.
Мұнайлы аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары Атамекен ауылдық округіндегі Арай тұрғын үй массивіне 7 шақырым және Қаламқас тұрғын үй массивіне 9 шақырым тас жол төсеу жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталғанын айтты.
«Биыл желтоқсан айына дейін тас жол төсеу жұмыстары аяқталады. Қазіргі таңда, Арай тұрғын үй массивінде тас жол төсеуге барлық көшелері дайындалды. Жақын арада тас жол төсеу жұмыстары басталатын болады. Жолдың негізгі қабаттарын төсеу 90 пайызға аяқталды. Қаламқас тұрғын үй алабында құрылыс жұмыстары өтпелі кезең тәртібімен жүзеге асырылып жатыр.
Қаламқас т.ү.м 12 көшесіне толықтай жерді тегістеу және қыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде жұмыстың негізгі қабаты, яғни основания яғни 12 көшеге ЩПГС және №4, 5, 6, 7, 8, 9, 10 көшелеріне щебень (4,8 км) төселінген. Құрылыс жұмыстары сәуір айынан бастап жалғасып жатыр», - дейді аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.