Ақтау қаласында жастардың басын қосып, шығармашылық тұрғыда дамуына әсер ететін «Aktown» атты жоба бар. Жоба авторы – Нұрсұлтан Мырзабек. Нұрсұлтан ұйым құрамында жастармен бірге түрлі өнер жанрында сапалы контенттер жасап, қала халқының мәдениетін көтеруге атсалысқысы келеді. Mangystaumedia.kz тілшісі жоба авторымен әңгімелескен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Өзіңіздің айтуыңызша «Бұл жоба – жастардың болашағына құяр инвестицияңыз» екен. Миссияларыңыз қандай?
- «Aktown» жобасының ашылғанына биыл 5 жыл толады. Осы уақыт аралығында 14-22 жас аралығындағы жастарға өздерінің шығармашылығы арқылы медиа саласы және шаралар ұйымдастыру бағытында табыс табу мүмкіндігін бере білдік. Жалпы осы күнге дейін біздің ісімізге ешқандай сырттай қаржыландыру болмады. Тек серіктестерімізбен байланыса отырып, осындай жоба құрдық. Жалпы айтқанда жобаның шәкірттері қазіргі таңда Алматы, Астана қалаларында танымал әртіс, музыкант, мекемелермен жұмыс істеп жатыр. Оған қоса көпшілік контент бағытындағы шәкірттеріміз қазір Канада, Италия, Малайзия, Венгрия, Польша елдерінде рухани өсіп, дамып жатыр. Болашақта Ақтау қаласында барлық белсенді жастарға еңбек етуге өсуге дамуға ыңғайлы физикалық платформа құрғымыз келеді.
Иә, стратегиямыз бар. Бұл ұжым – қала жастары өз шығармашылық өнерімен табыс табуына мүмкіндігін беріп жатыр. Түрлі тапсырыстар түседі. Сол тапсырмаларды орындау бойынша жастар өз ойларын ортаға салады. Соған байланысты идеялар туып, сценарийлер жазылады.
- Нұрсұлтан, осы жобаңыздың бес бағыты жайлы қысқаша ақпарат беріп өте аласыз ба?
- Менің жобамның мақсаты – қала тұрғындарының шығармашылық тұрғыда дамуына әсер ету. Бағыттарына тоқтала кетейін. Біріншісі, осы қалада шығармашылықпен айналысуға болатынын дәләлдеу. Екіншісі, қала тұрғындарының мәдениетін көтеру. Үшіншісі, туризм саласын дамыту. Төртіншісі, қала халқының әлеуметтің көңіл-күйін көтеру. Бесіншісі, қала жастары нақты бір жерде кездесіп, ақылдасатын, бірге жұмыс істей алатын жағдай жасау.
- Жастар жайлы айтып өтсеңіз?
- Біздер командамызға адам жинағанда ең әуелі ниетіне мән береміз. Қазіргі құрамдағы қыз-жігіттер қаланың дамуы үшін үлес қосқысы келетіндер. Біз әртүрлі форматта контент жасаймыз. Оның ішінде музыка да, би де, сахналық сөйлеу дағдысын дамытатын орта да, дикторлар да, еркін бағытта дамығысы келетін журналистер де бар. Біз барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.
- «Мықтылармен достас. Әлсіздерге жәрдемдес». Бұл – сіздің ұжымның басты ұстанымы. Дәстүрлі қоғамның мәдениетін, өнерін, салт санасын жаңғырту арқылы даму механизмін іске қосып, сол механизм арқылы басқа облыстарға әсер етуге бола ма?
- Иә, әлбетте. Біз шама келгенше, өз бетімізше дүниелер істеп жатырмыз. Болашақта мақсаттарымыз жүзеге асып жатса, соның барлығын тұрақтандырып, ой-идеямыз басқа қала жастарына жеткіземіз бе деген ойымыз бар. Өйткені, әрбір қалада өз қаласына көмектескісі келетін жастар бірігіп жұмыс істесе, ұйымдардың арасында конкуренция пайда болып, бір-бірінен үйренеді. Соның нәтижесінде, бұл механизм толықтай еліміздің дамуына алып келуі мүмкін.
- Соңғы 1-2 жылда қандай өзгерістер болды?
- Біздің жоба сол баяғыша пайдалы контент өндіру жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір 60-қа жуық жасты оқыттық. Оған қоса «Жиналайық» сынды жоба басталды. Бұл шара би, музыка жанрлары бойынша көптеген жастарды үлкен сахнаға шыға алады. Яғни, кастинг өтеді. Нәтижесінде бірте-бірте оларды дайындап шығарамыз.
Командамызда қазір 40 жас бар. Біраз көзге көрінбейтін жобаларымыз да бар. Бұйырса, алдағы уақытта медиа бағытында мықты жастарды шығарамыз деген үміттеміз.