Қытайда өткен химия пәнінен 58-Халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар тоғыз медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жеңімпаз атанғандардың арасында маңғыстаулық екі оқушы бар. Ақтау қаласы «Білім-Инновация» лицей-интернатынан Әділжан Молдағұл күміс жүлдеге, Әліби Мұғалім қола жүлдеге ие болды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жалпы олимпиадаға 29 елден 200-ден астам оқушы қатысып, өзара 15 алтын, 30 күміс және 45 қола жүлдені сарапқа салды.
Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс және 6 қола, барлығы 9 медаль жеңіп алды.
Алтын медальді Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейдің оқушысы Ринат Илюсизов қанжығаға байлады.
Күміс медальге Ақтау қаласының «Білім-Инновация» лицей-интернатынан Әділжан Молдағұл және Астана қаласының физика-математика бағытындағы НЗМ-нен Кирилл Ким алды.
Қола медальге Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен Абылай Қабдулхадыр, Haileybury Almaty халықаралық мектебінің оқушысы Алихан Серікұлы, Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен Еңлік Бақытбекова, Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен Тамила Рахимбаева, Қарағанды қаласының №1 «Білім-Инновация» мектеп-интернатынан Санжар Қалиақбар және Ақтау қаласының «Білім-Инновация» мектеп-интернатының оқушысы Әліби Мұғалім ие болды.