Жапондық туристер Маңғыстауға арнайы келіп, маңғаз мекеннің көрікті жерлерін жоғары бағалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Киелі түбектің тұмса табиғаты мен көрікті жерлерін, бағзы дәуірден сыр шертетін тарихи-сәулет ескерткіштерін тамашалауға келген жапондық туристің бірі – Юми Мизумори. Күншығыс елінен Орта Азия белдеуінде орын тепкен Қазақстанға саяхаттап келген ол еліміздің туристік әлеуетін ерекше бағалады. Каспий іргесінде бой көтерген ақмаржан шаһар шырайына, түбекке ғана тән табиғаттың таңғажайып туындыларына тәнті екендігін білдірді.
-Қазақстанның ұлан-асыр аумағында оның ішінде киелі Маңғыстауда тарихи мекендер көп екенін байқадым. Бұл шетелдік туристердің қызығушылығын арттырары сөзсіз. Жапондықтар адамзат әрекетінің негізінде өзгеріске ұшырамаған табиғитың төл туындыларын жоғары бағалайды. Оған қоса, теңіз жағалауындағы курорттық аймақтар да туризмнің дамуына үлесін қосуда. Біз 4 күн бойы Маңғыстауды араладық. Мен үшін жүрекке орныққан киелі мекендердің ең бастысы – Бекет ата мешіті. Мұсылмандардың зират ететін мекеніне бізде аяқ бастық. Намаз оқыдық. Түнедік. Бұл сапар ұмытылмас сәттермен есте қалды. Табиғаттың керемет көрінісі арқылы Маңғыстау туризмін әлі де дамыту керек, - деді Юми Мизумори.
Туристер Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан елдеріне саяхаттап, туризм жайлы кітап жазбақ. Жарық көретін туындының 20 парағы Маңғыстаудың табиғаты, киелі жерлеріне арналмақ. Кітап авторы Азуса Ширайушидың айтуынша, осы жинақ арқылы жапондықтарға Маңғыстаудың ең керемет жерлері жөнінде баяндауды көздеген.
-Біз Сартастың орталығында түнеп, Шерқала, Бекет ата, Тұзбайыр, Бозжыра сияқты тарихи мекендерге тұрақтадық. Маған ұнаған әрі ең қызықты жер - Бозжыра шатқалы болды. Мен өз кітабымда Жапонияда кездеспейтін Қызылкүп басындағы тастар, жұмбақ пейзаж бен халықтың қонақжайлығы туралы жазамын деген шешімге келдім, - деді Азуса Ширайуши.