Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектор саласындағы заңсыз баюдың жемқорлық схемасын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жүргізілген жедел-тергеу іс-шаралардың нәтижелері бойынша «Oil Construction Company» ЖШС Бас директорының орынбасары бизнес өкілдерінен бірнеше рет пара алу дерегі бойынша әшкереленді. Маңғыстау облысының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Кендірлі» демалыс аймағы», «Тоқымақ» жерінде теңіз суын тұщыту зауытын салу» инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде ақшалай қаражатты еш кедергісіз аудару үшін пара алған көрінеді. Осыдан кейін күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Естеріңізге сала кетейік, Жаңаөзенде теңіз суын тұшыту зауытының құрылысы биылғы жылдың ортасында басталған болатын. Жаңа нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салына бастады. "Oil Construction Company" ЖШС компаниясының өзі 2003 жылғы 1 сәуірде "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының үш ірі кәсіпорны – "Маңғыстаумұнара", "Нефтестрой" және "Маңғыстаумұнайжолдары" ЖШС бірлестігі негізінде құрылды.