Облыс әкімдігі, ірі сауда объектілері мен жергілікті тамақ өнімдерін өндірушілер үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ынтымақтастық жергілікті өндірілген тауарларды ілгерілетуге бағытталған. Яғни өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі бақыланып, өндіріс қуаты артып, жаңа азық-түлік өндіріс нүктелері ашылмақ.
Меморандум тауар бағасын тұрақтандыруға жол ашады. Келісілген уағдаластық келесі жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы биыл 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті» және «Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет» деген. Осы орайда, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық әкімдік, жергілікті азық-түлік тауарларын өндірушілер және сауда желілері арасындағы үшжақты ынтымақтастық меморандум жасау келісілді. Тапсырмаға сәйкес өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданыста бар өндірістердің қуаттылығын арттыру және жаңа азық-түлік өндіріс көздерін ашуымыз қажет. Қолдау білдірген кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін, - деді Жұмабай Қарағаев.
Меморандум шеңберінде жергілікті өндірушілерге тауарларды сауда объектілерінің сөрелерінде физикалық қолжетімді орындарда орналастыру және сауда алаңдарын қарастыру секілді жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ бес пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесін (ретро бонус) белгілеу, жеткізілген өнімнің ақысын 14 тәуліктен асырмай төлеу, сауда желісіне енгізілген өнімнің жаңа түрі үшін ақы алмау және т. б.
Сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдарға инвесторлардың мүдделеріне байланысты заңнамалық бастамалар енгізілді.
Бұл бағытқа жауапты прокурор да бекітілді. «Атамекен» ҰКП ғимаратында прокурор кабинеті ашылып, фронт-офис құрылған. Бұдан бөлек «WhatsАpp» мессенджері арқылы «Инвесторларды қорғау» чаты ашылды.
- Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік жасалып жатыр. Сауда желілерінің жергілікті өнеркәсіпті қолдауы өңіріміздің өркендеуіне ықпал етеді. Барша кәсіпкердің атынан алғыс айтамын, - дейді «Maga-Bread» ЖШС директоры Мағауия Сауғабаев.