Бүгін Ақтауда «АРМАНДА» білім беру бизнес-форумы өтті. Диалог алаңы Қазақстанның өзекті әлеуметтік мәселелеріне, жастарды рухани тәрбиелеуге және дәстүрлі отбасылық және ұлттық құндылықтарды сақтауға арналған салауатты пікірталас орталығына айналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстаулықтармен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бизнесмен, психология ғылымдарының кандидаты, медиа-менеджер, тележүргізуші және қоғам қайраткері Арман Дәулетияров, сондай-ақ танымал суырып салма ақын, тележүргізуші, «Сөз менеджменті» кітабының авторы Жандарбек Бұлғақов, Қазақстанның еркін күрес балуаны, 2000 жылғы XXVII жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Ислам Байрамуков кездесті.
Форумның басты бағыты – өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтын қазақстандықтардың басын қосу.
«Білім, дәстүр және мәдениет – табысты тұлғаны құрудың негізі» дейді танымал тележүргізуші.
- Қазір қиын кезең және біз, қазақстандықтар бірігуіміз керек. Жаңа Қазақстан туралы, еліміздің болашағы туралы айтып жүрміз, ал болашақ бүгіннен басталады. Бізге сырттан біреу келіп, ештеңе жасамап бермейді. Бүгінде құндылықтар өзгеріп кеткен, адамның барлығы блогер болып, оңай ақша тапқысы келеді. Біз ақшаны қалай табу керек екені туралы ғана емес, негіз туралы, қазақтың дәстүрлі құндылықтары жөнінде айтып отырмыз. Білім алу маңызды, арамтамақ болмау керек, мемлекет сізге бәрін беруге міндетті емес. Егер сіз ақша тапқыңыз келсе, жұмыс істеуіңіз керек. Қай жерде өмірге келгеніңіз де маңызды емес. Мысалы мен Орынбор облысының кішкентай ауылында дүниеге келдім. Анам – сауыншы, әкем – тракторшы болса да мен өмірде жетістікке жеттім. Жұмыс істеп, білім алу, Отаныңды сүю, түп тамырың мен дәстүріңді білу маңызды. Адамның өмірі, бақыт пен сәттілік – ағашта бұтақтың пайда болатыны секілді платформа, - деді Арман Дәулетияров.
Спикер жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау тақырыбында да сөз өрбітті.
- Мен біздің мәдениетімізде тіл де, дәстүр де қалмаған басқа елдер сияқты болғанымызды қаламаймын. Бұл бізді басқалардан ерекшелендіреді. Мен өмір бойы тарихи Отанымнан тыс өмір сүрдім. Мен үшін ана тілімізді тыңдап, мәдениетімізге ену қымбат. Маған көбі «сен қазақша сөйлемейсің» дейді. Қазір қазақша үйреніп жүрмін. Ол үшін мұғалім де жалдадым. Қанша Ресейде өмір сүрсем де, менің жүрегім қазақ деп соғады.Себебі менің жаным қазақ, қаным қазақ!, - деп атап өтті Арман Дәулетияров.
Форум спикерлері мен ұйымдастырушылар білім беру мақсатынан басқа әлеуметтік нысандарға – балалар үйлеріне, қарттар үйіне, университетке барады.
- Біз мұны қолдау, сөйлесу, тәжірибемізбен, білімімізбен бөлісіп, сыйлық беріп, көңілін аулау үшін істеп жатырмыз. Біздің форумның тағы бір құрамдас бөлігі – сіздің қалаңыздағы ішкі және сыртқы туризмнің артуы. Біз Маңғыстаудың көрікті жерлерін әлеуметтік желілер арқылы көрсетеміз. Менің бір миллион екі жүз мың оқырманым бар, олардың көпшілігі ТМД-дан. Менің әріптестерімнің Қазақстандық оқырмандары бар, сондықтан сіздің қалаңыз туралы көптеген адам біледі. Біз мұнда не қызықты, қай жерлерге баруға болады, қай жерде демалуға болады деген оқырманды қызықтырған сұрақтарға жауап береміз, - деп атап өтті Арман Дәулетияров.
«Арманда» форумы биыл басталды. Келесі жылы аймақтарына саяхат жасап, қалған 11 қаланы қамту жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл жыл сайынғы дәстүрге айналмақ, бірақ кездесуге қатысушылардың өтініші бойынша олар форматты өзгертіп, еліміздің танымал әртістерін қатысуға шақыруды жоспарлап отыр. Ал форумға қатысу тегін болады.
Махаббат Нұржанқызы