15 қазан күні Ақтауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жобаларындағы бизнеске арналған мүмкіндіктер» атты форум өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Өңір әкімінінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 100-ден астам отандық тауар өндіруші жиналған. Бизнес форум алаңында қазақстандық өндірушілер өздері шығаратын трансформатор, кабель, химия, мұнай өндіру өнімдерінің түрлерін ұсынатын, көрме ұйымдастырды. ҚМГ еншілес кәсіпорындарының өкілдері өндірісте пайдаланылатын импорттық жабдықтар мен тауарлардың отандық өніммен толығымен не ішінара ауыстыруға болатын үлгілерін көрсетті.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай форумның өңір экономикасына оң әсерін тигізетініне сенім білдіріп, бұл жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосылатынын атап өтті.
- Бұл шара біздің өңір үшін ерекше маңызға ие. Осындай ауқымды форумды өткізгендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Өйткені, бұл өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретініне сенімім мол. Ең бастысы, бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа әлеуметтік және экономикалық тұрғыда пайда әкеледі деп үміттенеміз. Мемлекет басшысы Жолдауында және басқа да алқалы жиындарда өңірлік өнімдерді көбейту мен экономикалық әлеуетті арттыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Біз де өз ісінің шеберлері жеткілікті, олардың арасында әлемнің дамыған елдерінде білім алып келген мамандар да бар. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз тарапымыздан бұл бастамаларды қолдап, қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде мұнай-газ саласындағы жергілікті өндірістерді ынталандырудың маңызын атап өтті. Айтуынша, ҚазМұнайГаздың ірі жобаларына отандық өндірушілердің қатысуы ел экономикасының дамуында шешуші рөл атқарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және нарықта қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуын арттыруға ықпал етеді.
Форум барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ, Мұнайлы ауданының әкімдігі және «KazPetroDrilling» АҚ арасында Маңғыстау облысында болат құю өндірісін ашу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумның мақсаты – жобаны бірлесіп іске асыру мақсатында сүйемелдеу, шикізатпен қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорындары отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасты.