«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы отбасы және әйелдер істері, халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің төрағасы Раушан Аймырзаева қоғамда әйелдерге күш көрсетудің көбеюіне байланысты «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыстағы әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысып, орталық көмегіне жүгінген әйелдермен тілдесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«AMANAT» партиясы балалардың да, аналардың да, қарттардың жағдайын жіті бақылауға алып отырады. «Бақытты отбасы» жобасы аясында отбасының әлеуметтік жағдайы, балалар құқығы, «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» жобасы аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарымыздың құқығы алдыңғы кезекке қойылған.
Кеңес төрағасы Раушан Аймырзаева орталық көмегіне жүгінетін зорлық-зомбылық көрген әйелдердің отбасындағы жанжалдың басты себебі мен олардың жағдайы қалай екенін білу мақсатындағы сапары облыстық әлеуметтік көмек көрсету орталығынан басталды.
Облыстағы әлеуметтік көмек көрсету орталығына жыл басынан бастап 51 әйел әр түрлі қиын жағдайда тіркеліп, әлеуметтік көмек көрсету орталығының көмегіне жүгінген. Олардың басым көпшілігіне күш көрсетіліп, отбасында зәбір көрген. Қиын жағдайға тап әйелдер орталықта 6 айға дейін тұра алады. Балаларын балабақшаға орталасуына көмектесіп, тұрақты жұмысқа тұруына бағыт береді. Қосымша мамандық алып, курстан өтем деушілерге де жағдай қарастырылған. Орталықтың психолог мамандары мен заңгерлерінен көмек ала алады.
«Мұнда келген қыздарымыздың көбі соққыға жығылып, ер азаматына деген сенімінен айырылып келеді. Осыған дейін бірнеше мәрте таяқ жеп, көніп, шарықтау шегіне жеткесін келеді. Ішкілікке салынып, анаша шегіп, таяқ астына алған ер азаматтан қандай үміт?!», - деді орталық басшысы Күләш Күмісбекова.
Орталыққа келген әйелдердің 10 пайызы ғана отбасыларымен татуласып, қауышқан. Қалған 90 пайызы ажырасып, сот арқылы мүлік бөлісу, бала бөлісу мәселелерін шешіп, орталықтың жұмысына риза көрінеді.
Орталықта жолдасынан қиындық көріп, мүмкіндігі шектеулі балаларымен келіп орналасқан бір ана отбасына қолдау бола алмаған ер азаматының көрсеткен озбырлығына шыдай алмағанын айтты. Жолдасы үш бірдей ерекше баласы үшін қайырымдылық қоры берген үйін бергісі жоқ екенін алға тартты. Ал, орталық құқығын қорғап, сотқа жүгініп, үйін алып беруге жұмыстанып жатқанын жеткізді.
Келесі межелі жері «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы. Бұл орталықтағы да мәселелер бірдей болып шықты. Орталық басшысы Райхан Бекманованың айтуынша отбасындағы ұрыс-керіс қаржылық жетіспеушілік, кредит, лудомания, ішкіліктің салдары болып отырғанын алға тартты. Соңы осындай зорлық-зомбылыққа ұласып отыр дейді.
«Кеңес мүшелері аудандарға шығып, оңалту орталықтарына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, отбасы институтын нығайту жолында ардагерлер мен ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, жеке қабылдаулар да жүргізіп келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын таба береді. Қоғамның тыныштығы отбасындағы әйелзатының қас-қабағына, балалардың бейқам өсуіне байланысты. Сондықтан нәзікжандылар нәзік кейпінде қалып, ер азаматтарымыз қорған бола білсе екен деймін», - дейді отбасы және әйелдер істері, халықты әлеуметтік қорғау кеңесінің төрағасы Раушан Аймырзаева.