Ақтау қаласының 12-шағын ауданындағы аялдамалардың бірінде орналасқан азық-түлік дүкенінен әйел адамның сөмкесі ұрланған. Онда жәбірленушінің жеке басын растайтын құжаттар, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар, ұялы телефон болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 2 млн 700 мың теңгені құрайды.
Ақтау қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 41 және 43 жастағы күдікті азаматтардың жеке тұлғаларын анықтап, ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен қалалық УПБ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.