Екі айға жуық уақыт ішінде 17 аймақта ашық турнир өткізген «Шахмат керуені» 2 қараша күні мұнайлы Маңғыстауға келген болатын. Керуеннің құрметіне арналған мерекелік шарада Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағасы болып Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Филиалдың ашылуында сөз сөйлеген қала әкімі ұлттың зияткерлік деңгейін арттыратын жобалардың көбеюіне тілектестік білдірді.
«Биыл өңірімізде көптеген мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – шахмат федерациясының қолдауымен Ақтауда өткен мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты. 53 мемлекеттен 400-ден астам ойыншы қатысқан бұл үлкен шара Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем оқушыларының интеллектуалдық әлеуетін көтеруге ықпал етті. Сондай-ақ жақында болған қалалық чемпионатта 7-17 жас аралығындағы 300-ге жуық жасөспірім шахматтан өз шеберліктерін сынға салды», – деді қала әкімі Ұлықбек Серікұлы.
Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченко Ақтауда өткен әлем чемпионаты осы ауқымды жобаның тууына түрткі болғанын айрықша атады.
«World Schools Team Championship аяқталған соң «Шахмат керуені» жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Міне, бүгін облыстық филиалымыз ашылды. Керуеннің келуі мен жаңа төрағаның тағайындалуы Маңғыстау өңіріндегі шахмат қозғалысының дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Олег Рябченко.
Ашылу салтанатынан соң алаңдағы мобильді киіз үйде шахматтың блиц түрі бойынша жартылай финал болды. Оған алдын-ала облыстық іріктеуден өткен, ЭЛО рейтингі 2000-ға дейінгі 20 әуесқой ойыншы қатысты. 11 турдан тұратын турнирде үздік нәтиже көрсеткен үш шахматшы 10 қараша Түркістанда болатын гранд-финалға жолдама алды.
Олар:
І орын – Мұрат Омаров (100 мың теңге);
ІІ орын – Азамат Дінмұхаммед (50 мың теңге);
ІІІ орын – Айдана Күшбай (30 мың теңге).
«Шахматқа жеті жасымнан қатысамын. Өзім спорт шеберіне үміткермін, енді FIDE шебері атанғым келеді. Түркістанда гранд-финалға қатысатын қарсыластарымның қандай дебют көрсететініне байланысты өзім де жеке дайындаламын», – дейді 17 жастағы финалист Мұрат Омаров.
Сондай-ақ жартылай финалда бақ сынаған Нұрас Амангелді «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымы бойынша марапатталып, 30 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болады. Ал алдын ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы Маңғыстау өңірінің тумасы, FIDE шебері, командалық есепте әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эдгар Мамедовпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.
Өңірлерге сапарын осы өлкемен түйіндейтін керуен енді Түркістанға қарай бет түзейді. Жобаға бас демеушілік жасап отырған «Freedom Broker» компаниясы гранд-финалдың үздіктеріне І орын үшін 5 млн теңге, ІІ орынға 2,5 млн теңге және 3 орынға 1 млн теңге жүлде тағайындап отыр.