Абдулла Сисенбаев 1937 жылы Маңғыстау облысы бұрынғы Балықшы колхозында дүниеге келген. Оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Абдулла Сисенбаев 2 жасында анадан жетім қалады. Мектепті Форт-Шевченкодағы интернатта жатып оқиды, кейінірек бірнеше баланы Гурьев маңындағы балалар үйіне жібереді.
-Училищеден тракторист, слесарь деген мамандықтарды игердім. Сосын еңбекке кірістім. Ол кездері ақы төлемейді, тек тамағыңды береді. Гурьевтен соң туған елге оралдым, 1958 жылы әскер қатарына алындым. Әскерден соң жұмысқа кірістім. Жетібайдағы мұнай барлау жұмыстары кезінде экспедиция құрылғаны белгілі, менің де жұмысым сол кезге тұспа-тұс болды. Шопырлық қызметтен бастап бірнеше жұмысты атқардым. Қаламқас кен орнында 14 жыл қызмет еттім, сол жерден зейнетке шықтым, - дейді Абдулла ақсақал.
Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған Абдулла Сисенбаев сол сұрапыл уақытты еске алды - ерік-жігерге толы жылдар соғыстан кейінгі қайта құру уақытымен тұспа-тұс келгенін айтты. Жастарға еңбекке адал, мақсатына тұрақты болуға шақырды.
-Бүгінгі мерекемен барша маңғыстаулықтарды құттықтаймын, шаңырағымыз шайқалмасын. Ендігі ұрпақ соғысты, одан кейінгі ауыртпалықты көрмесе екен, - дейді Абдулла Сисенбаев.
Абдулла Сисенбаев қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған. Көптеген алғыс хаттармен, ал мұнай саласындағы еңбегі үшін “Қазақстан мұнайына 120 жыл”, “Маңғыстаумұнайгаз 60 жыл” медалдарымен марапатталған.