Әлеуметтік желіде «Үндемей қал, сабырлы бол, өзің кінәлі, өзің бірінші ашуға тиген шығарсын» деген сөздер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелге жиі айтылады. Бұл жағдайда әйелге «судан тыныш, шөптен төмен» болу ұсынылады. Мұндай кеңестің пайдасы бар ма, ал зияны қаншалықты?
Осы және өзге де сұрақтарға mangystaumedia.kz журналисі психологтан нақты жауап алды.
Журналист: Мысалы мына тектес сөздерді жиі оқимыз: "Оның қандай екенін білесің - тыныш жүр, тәрелкені дұрыс қой, дауласпа және тағы басқа". Бірақ агрессорға бәрібір, қай кезде болса да агрессия көрсетеді. Егер әйел күйеуінің агрессивті екенін білсе, үндемей, өзін төмен ұстап жүргені дұрыс па, әлде бұл мәселенің шешімі емес пе?
Вадим Третьяков, психолог: Мұндай әрекет дұрыс шешім емес, керісінше, кері әсерін береді. Өйткені, жәбірленуші мойынсұнғыш болған сайын, зорлаушы да агрессивті бола түседі. Өйткені зорлаушының міндеті мен қажеттілігі - билікті сезіну. Сол арқылы ол жәбірленушінің үстінен билікке ие болады.
Зорлық-зомбылық - өзіне деген сенімсіздіктің экстремалды түрі. Ер адам жұмыста қиындықтарға тап болса, біреу оған бағынбаса, бизнесі «жүрмесе» өз-өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Мұндай кезде ол бизнесі үшін, ақша табу үшін әрекет етіп, өзін адам ретінде сезінеді. Ал әйелін ұратын еркектер аса қорықпайды. Себебі оларға тойтарыс беретін ештеңе жоқ. Сондықтан ашуы мен эмоциясын әлсіздерге жұмсайды. Осы тұрғыдан алғанда, егер зорлаушымен дер кезінде күреспесеңіз, онда оның әрекетіне тікелей рұқсат және келісім бергеніңізді білдіреді. Яғни, зорлаушы жәбірленушілердің үнсіздігі арқылы өзінің «жұмысын» жалғастыра береді.
Журналист: Физикалық тұрғыдан әлсіз әйел зорлаушыға қалай қарсы тұра алады?
Вадим Третьяков, психолог: Басын табамен ұрудың қажеті жоқ, бар болғаны заң аясында өзіңізді қорғай білгеніңіз жөн. Бұл дағдыны көп жағдайда әйелдерге ешкім үйретпейді, ал кейде үйренбейді.
Ольга Третьякова, психолог: Әйел өзі үйреніп қалған "құрбан" бейнесінен шығып, зорлаушыға қарсы күресуі керек. Қоғамнан, кейбір қорлардан, келісімге келе алатындардан көмек сұрап, өзін зорлық-зомбылық құрбаны ретінде заңдастырып, қосымша ақпарат іздеуі тиіс.
Вадим Третьяков, психолог: Оның құқығын таптамайтын, оған кінә артпайтын, "сіз дұрыс емес жасадыңыз" деп сөкпейтін, ұятқа қалдырмайтын ортада көмек қашан да табылады. Алайда біздің қоғам зорлық-зомбылық көрсететіндерге бей-жай қарайды. Олардың әрекетіне әлі де шыдап келеді.