Жыл сайын 15 мамырда бүкіл әлемде отбасы күні тойланады. Отбасылық және балалар психологы Айгүл Бейсенбаева осы күнді отбасылық мереке ретінде қалай атап өткен дұрыс және отбасылық құндылықтар туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-Отбасы сақтауы керек құндылық - ең бірінші кезекте уақыт, яғни отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуге арнаған кезі. Баланың есінде оған алған сыйлықтар емес, ата-ананың онымен өткізген уақыты есте қалады. Қазіргі қарбалас кезеңде отбасына тек кешкі мезгілде ғана көңіл бөле аламыз, сол сәттерді сапалы да қызықты етіп өткізу қажет деп есептеймін. Қазір шетелдерде жақсы үрдіс қалыптасқан, отбасымен бір жаққа шыққанда немесе кешкі мезгілде смартфондарды жинап, бір жәшікке салып қояды, сосын оқыған кітаптары, бүгін күнді қалай өткізгендерін, көзқарастарын талқылайды. Жалпы кешке қарай балаларымызға да, ересектерге де смартфонды көп қолданбаған дұрыс, - дейді психолог маман.
Оның айтуынша, отбасы күнін жанұя мүшелері ресторан, кафелерде емес, өз шаңырағында атап өткені абзал.
-Бұл күні және түрлі мерекелер қарсаңында анасы мен қызы бірге ас дайындап, әкесі ұл балалармен әр түрлі терапиялық ойын ойнаса болады. Отбасылық альбомды қарап немесе отбасылық фильмдер көруге болады. Мерекелерді өз шаңырағыңызда атап өтуге тырысқан жөн: себебі туыстарымызға көбірек уақыт бөлу мүмкіндігі, бірлескен отбасылық демалыс, өзін-өзі тәрбиелеу және ойлауды өзгерту мүмкіндігі пайда болды. Ал, бала психологиясына келсек, ол өте сезімтал, байқағыш болып келеді. Баланың әңгімесін тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айқан бала ішкі дүниесіндегі кез келген нәрсені ақтарып бере алады. Балаларымызға көп көңіл бөліп, өзіміз де олармен бала күнгідей ойнаған дұрыс. Бүгінгі отбасы күні мерекесі құтты болсын, - деді Айгүл Бейсенбаева.