© Фотоны түсірген Бауыржан Ниязқұлов
Маңғыстауда 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Жас отауға – ақ бата» шарасы өтті. Некесін қиған ерлі-зайыптыларға облыстың ақсақалы мен ақ жаулықты ана тілегін білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов пен ардагер, көпбалалы ана Ханшайым Жолдыбаева қатысты. Ақсақал Оңайбек Әбділов жас жұбайларға батасын берсе, ардагер ана ақ жаулығын тағып, тілегін арнады.
«Барша қазақстандықты бүгінгі Отбасы күнімен құттықтаймын. Отбасына амандық, денсаулық, береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барлық ұл-қыздарыма, отау құрып жатқан жастарға амандық, қуаныш тілеймін», - деді көпбалалы ана Ханшайым Жолдыбаева.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 10 айда Маңғыстауда 4 291 жұп некесін қиған. Ал жыл басынан бері 1 678 жаңа отбасы құрылды. Ал Қазақстанда 10 айдың ішінде 103 мыңнан астам неке тіркелген.