Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №6 жалпы білім беретін мектебінде шамамен 26 млн теңге дұрыс жұмсалмағаны анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім мекемесіне қатысты аудиторлық іс-шараларды Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті өткізді. Нәтижесінде қаржылық және рәсімдік сипаттағы бірқатар бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, жекелеген қызметкерлерге еңбекақыны, негізсіз қосымша ақылар мен сыйлықақыларды артық төлеу, сондай-ақ іссапар тапсырмаларын орындамау және іссапар құжаттарын дұрыс ресімдемеу фактілері анықталды. Осылайша, әртүрлі бұзушылықтарға жалпы сомасы 25 891,5 мың теңге жұмсалған.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бюджет қаражатын өтеу және бухгалтерлік есепті қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ ҚР заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.