Мұнайлы ауданы №6 мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сардарбек Қарақұловтың айтуынша, мектеп формасы балалардың ортақ түсінігін қалыптастыру үшін өте маңызды, ал әркім әртүрлі форма киетін болса, баланың назары басқаша киім киген балаға ауып кетеді. Нәтижесінде, әртүрлі киінген балалар бір-біріне психологиялық ықпал етеді дейді ол, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сардарбек Қарақұлов мектеп формасы оқушылардың әлеуметтік статусына міндетті түрде әсер ететінін айтады.
«Қазақстанның әлеуметтік әл-ауқаты жақсы. Сырт мемлекеттерден келетін қымбат бренд киімдерді кие алатын балалар бар, балаларды солай киіндіре алатын ата-аналар бар. Ол әлеуметтік статусты көрсетеді. Әлеуметтік статус айырмашылығы көзге ұрып тұрған жерде білім болмайды, бәсеке болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан бала психологиялық қысымға ұшырайды» - дейді директордың орынбасары.
Педагогтың сөзінше, жалпы педагогикада форманың белгіленген түстері бар. Әр бала әртүрлі киініп келсе, мектепте емес, басқа жерде жүрген сияқты болады. Тек оқушылар емес, сабақ уақытында мұғалімнің де назары ауытқымау үшін мектеп формасы бірыңғай бір түсті болуы керек.
«Біз болашақ зиялы қауымды тәрбиелеп жатырмыз. Зиялы қауымның киген киімінен жинақылық, тартымдылық, іскерлік, кәсібилік байқалуы керек. Мектеп оқушылары соған жас кезінен үйренуі үшін классикалық форма киюі қажет» - дейді Сардарбек Қарақұлов.