Mangystaumedia.kz сайты өткен жылы Ақтау қаласындағы 22-шағын ауданда орналасқан №22 мектептің ата-аналарының шағымы туралы жазған еді. Ол кезде мектеп айналасында мүлдем жарық жоқ болғандықтан, оқушылардың мектепке баруы қиын еді. Осы ақпарат жарияланғаннан кейін мектептің айналасын жарықтандыру жүргізілді, бірақ ол ұзаққа бармады. Енді мектеп маңын тағы да қараңғылық басты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қалалық білім бөлімі жарықтандыру жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында жүргізілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ата-аналардың өтініші бойынша мердігер қосымша жарықтандыру шамдарын орнатты. Бірақ келісімшарт 2023 жылдың соңына дейін жарамды болғандықтан, мектеп әкімшілігі қазіргі уақытта мердігерден қосымша жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді талап ете алмайды.
«Оқу орнының әкімшілігі мердігер мекемеге жарықтандыру мәселесін реттеуді талап етіп хат жолдады» - деп хабарлады қалалық білім бөлімі.