Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов «Қаражанбас» және «Қаламқас» кен орындарының жұмысшыларымен кездесуде тараптардың тұрақты сындарлы диалогы ғана өзара түсіністікке және еңбек жанжалдарына жол бермеуге алып келетінін атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Қаңтардың 20-күні облыс прокуроры жұмысшылардың еңбек жағдайларымен жеке танысу үшін және олардың уәждері мен ұсыныстарын тыңдау үшін аталған кен орындарына барды.
Кездесуге мемлекеттік еңбек инспекциясы, Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК», мекемесі, «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбас» АҚ-ның басшылығы және жұмысшылармен тікелей диалог орнату үшін кәсіподақ өкілдері шақырылды.
-Жұмыскерлермен ашық байланыссыз және жұмыс орындарын көзбен шолмай еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және еңбек жағдайларын жақсарту мүмкін емес, - деді Руфат Құттықов.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылығын еңбек ұжымдарынмен тұрақты түрде кездесіп отыруға шақырды.
Кездесуде бірқатар өзекті мәселелер шешіліп, қосымша қарауды қажет ететін сұрақтар ескерілді.