Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев бастаған бірқатар лауазым иелері, атап өтсек облыстық білім, дін істері, жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылары мен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ә.Байпақов баспасөзге жазылу науқанына орай Ақтаудағы «Қазпошта» бөлімшесіне арнайы барып, жергілікті «Маңғыстау-Медиа» медиасеріктестігіне қарасты 2 облыстық, 1 қалалық және 5 аудандық газетке жазылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Газеттерге жазылу мен үшін аса маңызды. Соның ішінде жергілікті баспа басылымдары – өлкенің тыныс-тіршілігінің айнасы, өңірдің қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өміріндегі өзгерістер мен жетістіктердің жаршысы. Әрине, ең алдымен газетте тексерілген, нақты, дәйекті ақпарат қолжетімді екендігін ескеру керек. Басылым беттерінде әр түрлі сала үздіктерінің жетістіктері тәрбиелік әрі тағылымдық мазмұны зор материалдарда көрініс табады. Өркениетті қоғамда газет оқу мәдениеті мығым орныққан. Мен баршаны, әсіресе үздіксіз ізденісте жүретін білім беру жүйесінің қызметкерлерін мерзімді басылым беттеріне жазылуға шақырамын. Жергілікті газеттердің сырт пішіміндегі өзгерістер, мазмұндық толығулары құптарлық іс »,-деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.
Маңғыстау облыстық білім беру басқармасының басшысы Динара Жұмашева облыстық, аудандық газеттердің тұрақты оқырманы екендігін айтып, өскелең ұрпақты газет, кітап оқуға баулудың маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол көзіқарақты оқырманды баспасөзге жазылу науқаны аясында белсенділік танытуға шақырды.