Бүгін, 30 желтоқсан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа жыл қарсаңында балаларға арнайы барған аймақ басшысы балалар ауылының тыныс- тіршілігімен танысты. Балалармен сұхбаттасып, жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті.
Кездесу барысында балалар өз жетістіктері мен жеңістері туралы айтып берді.
Нұрлан Ноғаев балаларға жаңа жылда жаңа жеңістер мен табыстар тіледі.
-Бүгін сендермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Армандарың биік, мақсаттарың айқын болсын. Жақсы оқыңдар, ер жетіп, мықты маман болыңдар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі – салауатты, саналы, білімді, парасатты, ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу» деп атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды. Облыста жас маңғыстаулықтарды қорғау және әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парақтарын жазып жатқан сендер, жас ұрпақ! Облысымыздың барша балаларының болашағы жарқын болсын! – деді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысындағы облыстық отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы 2005 жылдың 5 қыркүйегінде ресми ашылды. Ауыл 8 үйге бөлінген. Ашылған кезеңнен бері 145 бала тәрбиеленіп шықты. Бүгінгі таңда 20 бала тәрбиеленуде.