Маңғыстауда қылмыстық атқару жүйесі департаментінің тарихында алғаш рет мұражай ашылып, мекеменің тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Алдымен қонақтарға мұражайдағы мұрағаттар - құрал-жабдықтар, сотталғандардың қолынан шыққан бұйымдар, жәдігерлер таныстырылды.
Содан соң «Маңғыстау өңірінің қылмыстық атқару жүйесі: өткені мен бүгіні» атты көркем әдебиеттің тұсаукесері өтті. Кітапты мекеменің ұжымы жазған. Онда мекеменің тарихы, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек еткен тұлғалар туралы айтылады.
– Бүгін ашылған мұражайды аралап, мекеме қызметкерлерінің қыруар жұмыс атқарғанын көріп отырмыз. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының дамуында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен қатар жазасын өтеушілер де орасан зор рөл атқарды. Қылмыстық атқару қызметінің қызметкерлерін ғана емес, тағдырдың жазуымен абайсызда темір тордың арғы бетіне шығып кеткен тұтқындарды да еске алуымыз керек. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Қате қадам басып, теріс шешім қабылдап, кейін өз қателіктерін түсініп, еліміздің лайықты азаматы болып жүргендер баршылық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болуы, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына үлес қосуы керектігін үнемі атап өтеді. Осыған орай мұндай құбылыстардың алдын алу үшін отбасында, мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында тәрбие жұмыстарын дұрыс жүргізуіміз керек, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Шара соңында бірқатар қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.