© Сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен
22 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай Ақтөбе қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас конкулдығының бірінші басшысы Го Юймен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми кездесу барысында екі тарап өзара қатынастар мен экономика, логистика, туризм, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Өңір басшысы Маңғыстау облысы мен Қытай арасындағы сауда-саттық, экономиикалық ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтты. Маңғыстау облысында Қытай кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Маңғыстау облысының бұл елмен сыртқы сауда айналымы 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында 34,7 млн АҚШ долларына жеткен.
Кездесуде Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың инвестициялық қауымдастығын туризм саласына, ауыл шаруашылығындағы түйе сүтін өңдеу кәсібіне қатысуға шақырды.
«Маңғыстау өңірінде түйе шаруашылығының болашағы жарқын. Өнім табиғи таза, ағзаға өте пайдалы. Жергілікті түйе сүтін өңдеп, экспортқа шығару тиімді жоба деп санаймыз. Туризмді дамыту саласын да тың жобалар бар. Біз өз тарапымыздан жобаларды сүйемелдеуде жан-жақты көмек пен қолдауға кепілдік береміз. Бүгінгі кездесу біздің өзара мүддемізді жақындастыруға және кеңейтуге бағытталған маңызды қадам деп санаймын», - деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.