17 ақпанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылына барып, елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Мұнайшы ауылында 6 200-ге жуық адам тұрады және 2 мектеп, 3 балабақша, 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория бар.
Халықты жұмыспен қамтудың бір жолы - кәсіпкерлікті дамыту. Осы орайда аймақ басшысы ауыл тұрғындарына шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау жөнінде белсенді түсіндіру жұмыстары қажет екенін атап өтті.
Мұнайшы ауылының әкімі Болат Бекмырзаевтың айтуынша, былтыр ауылда 207 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сондай-ақ Мұнайшы ауылында да «Бастау Бизнес» жобасы сәтті орындалып жатыр. 2022 жылы 14 ауыл тұрғыны 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен, киім-кешек пен аяқ киім тігумен, жартылай дайын өнім шығарумен айналысады.
Жалпы 2022 жылы облыс бойынша 990 адам қайтарымсыз грант алса, оның 65-і - Қарақия ауданынан. Осылайша, Қарақия ауданында 95 жаңа жұмыс орны ашылды.
2023 жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Биыл 20 ақпаннан бастап 400 АЕК-ке дейінгі көлемде қайтарымсыз гранттар беріле бастайды.
Өңір басшысымен кездескен Мұнайшы тұрғындары жедел жәрдем көлігінің дұрыс жабдықталмауын, азық-түлік бағасының қымбаттауын тілге тиек етті. Сонымен қатар спорт кешенін салу қажет екенін айтты.