Бүгін, 18 ақпанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Азия және әлемнің ең жас чемпионы Бибісара Асаубаевамен кездесті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бибісара 17 ақпанда Жаңаөзен қаласында болып, студенттерге жылдам шахматтан (блиц) шеберлік сабағын өткізді.
Бибісара Асаубаева - балалар мен жасөспірімдер арасында 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін әлем вице-чемпионы, шахмат тарихындағы ФИДЕ шебері атағының иегері. 2017 жылы «Ғасыр матчы» командасының құрамында халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. 2019 жылы Украинада өткен «Алтын Монғоз» халықаралық сыйлығының номинанты және жеңімпазы атанды.
2020 жылы ол ең жас ерлер халықаралық шебері болды.
2021 жылы әйелдер арасында Азия чемпионы, әйелдер арасында рапид бойынша әлем вице-чемпионы және әйелдер арасында блиц бойынша әлем чемпионы атанды.
2022 жылы Азияның үздік шахматшысы атанды. Сондай-ақ, 2022 жылы шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
2022 жылдың 30 желтоқсанында ол әйелдер арасындағы блиц бойынша 2 дүркін әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ ол маңғыстаулық спортшыларға шеберлік сабақтарын жиі өткізіп, шахматшылардың қатарын көбейтуге атсалысуда.
– Халықаралық жарыстарда жоғары спорттық шеберлік танытып, еліміздің, Маңғыстау облысының намысын лайықты қорғап жүрсіз. Сіздің шахматтан ең жас әлем чемпионы атануыңыз ұлттық спорт үшін тарихи оқиға деп ойлаймын. Алдағы уақытта да жеңіс тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев