17 ақпанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылына барып, елді мекеннің тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары білікті дәрігерлердің жетіспейтініне шағымданды. Нұрлан Ноғаев бюджеттен бөлінген білім грантының 86 %-ға жуығы медицина саласына берілгенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Ноғаев Жетібай ауылына барып, ауыл әкімі Нұрхат Елбаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады.
Жетібай ауылында 12 770-ке жуық адам тұрады. Ауыл газ, жарық, ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі сынды мәселелерді көтерді.
Бүгінде Жетібайда 150 орындық келіп-кетуге арналған емхана және 75 төсектік аурухана жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тұрғындарды «Ақ ниет» және «Али - Мед» жекеменшік медицина орталықтары қабылдайды. Десе де маман тапшылығы тұрғындарды толғандырып отыр.
Осы ретте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев медицина саласындағы маман жетіспеушілігі мәселесін шешуде жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Бұған дейінгі кездесулерде де медицина саласында мамандардың жетіспейтіні жиі айтылып жүрді. Соңғы мәліметтер бойынша Маңғыстау облысының денсаулық сақтау ұйымына 251 дәрігер қажет. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстардың тапшылығын ескере отырып, 2023 жылы жалпы медицина мамандығына жалпы білім беру гранттарын бөлу жоспарлануда. Биылғы оқу жылында 175 түлек өңір үшін қажетті мамандықтар бойынша, соның ішінде дәрігер мамандығы бойынша тегін оқуға мүмкіндік алады. Айта кетейін, мектептердегі білім деңгейі мен медициналық қызмет көрсету сапасы стандартқа сай болуы керек. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар арыз, шағымның түсуін күтпей-ақ, елді мекендердегі әлеуметтік мемлекеттік мекемелердің жұмысын халықтың сұранысын толық қанағаттандыратындай етіп ұйымдастыруы қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.