ГАСК өкілдері мен жер инспекциясының қызметкерлері арнайы техникамен жұмыс жүргізіліп жатқан учаскеге барды. Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, арнайы техниканың көмегімен "SunSet" демалыс базасының басшылығы пирсті бөлшектеп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- "SunSet" демалыс базасының қолданыстағы пирстері бөлшектеліп жатыр. Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне (жер инспекциясы), сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылау басқармасына (ГАСК) тиісті хат жолдайды, - деп хабарлады Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Ақтау тұрғындары Каспий теңізінде арнайы техниканың қатысуымен жұмыстар жүргізілгені туралы хабарлады. "Эко-Маңғыстау" ҮЕҰ мәліметтері бойынша, жұмыстар Stigl демалыс базасы мен әскери жаттығу орталығы арасында үш аптадан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Ал алынатын топырақ жағадан екі шақырым жерге шығарылып жатыр.