Маңғыстаулық өнерпаздар Баку қаласына барып, “Қырымның қырық батыры ізімен” атты халықаралық турнесі аясында алғашқы концертін өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мақамшылардың халықаралық орталығында ұйымдастырылған мәдени шараны Әзербайжанның белгілі ғалымдары мен өнер иелері, жалпы жұртшылық өкілдері тамашалады.
Концерт соңында Әзербайжан мемлекеттік Опера және балет театрының солисті Мүтәллім Дамиров пен “Баяты-Түрк” триосының мүшесі Мәсім Исламов маңғыстаулық өнерпаздармен бірге өнер көрсетті.
Бакудегі екінші күні Әзербайжан университетінде дөңгелек үстел өтті. Сонымен қатар аталған шара Әзербайжан ҒА М.Физули атындағы Қолжазбалар институтында жалғасты. Турнеге қатысушыларды ғалым-хатшы Әзизаға Наджафов, Назакет Мамедли бастаған институт қызметкерлері қарсы алды. Олардың сұрауы бойынша жыр айтылып, күй тартылды. Екі халықтың арасындағы ортақ мәдени құндылықтар туралы әңгіме қозғалып, болашақта бірігіп атқарылатын жобалар сөз болды.