Маңғыстау облысына биыл 3 айда 64 895 отандық, 5 607 шетелдік турист келген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында өңірлік туризм басқармасының басшысы Нұрәділ Иманғалиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Инвестициялық жобаларға келетін болсақ, биыл 2 жоба іске қосылды. Олар: «Apart-hotel HIDE» жобасы және жылы жағажайдағы «Zhagalau Resort» демалыс базасы. Осы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 44,0 млрд теңгеге 100 жұмыс орнын құру арқылы 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Town Center» сауда қатарлары, виллалар мен пәтерлер кешені құрылысының 2 кезеңінің құрылысы, «Wyndham Garden Aktau» қонақ үй кешенінің құрылысы. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін бере отырып, туристердің қызығушылығын одан әрі арттырары сөзсіз, - деді Нұрәділ Иманғалиев.
Облыста туризмді ілгерілету және дамыту мақсатында биыл 6 айда бірқатар іс-шаралар өткізілген.
- 23 мамыр күні Маңғыстау облысына Татарстан Республикасы Казань қаласынан жаңа чартерлік рейс ашылып, 100-ге жуық турист келді.
- 28 мамырда бірқатар итальяндық БАҚ «DOVE», «The Good Life» және «National Geographic» жетекші тревел басылымдарының өкілдері еліміздің туристік әлеуетімен танысу және әлемдік деңгейде жариялау үшін Маңғыстауға сапарлады.
- Маусым айында 27 мемлекет қатысатын Пекин-Париж бағытындағы халықаралық ралли көліктері Маңғыстауға келді.
- Ал Франция елінен 4 Paralèlles 12 Méridiens француз туроператорлық компаниясы келіп, өңірдегі Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата және басқа да жерасты мешіттерді соңдай-ақ Сартас, Қапамсай, Торыш, Тұзбайыр, Бозжыра шатқалы, Боқты тауы және басқа да көрікті туристік орындарды аралап, Маңғыстаудың ұлттық салт-дәстүрімен танысты.
- 15-21 шілде аралығында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қазақстанның әртүрлі аймақтарында туризммен айналысатын және салаға жауапты қызметкерлер үшін (Маңғыстау облысының туризм басқармасы қызметкерлеріне) бір апталық «Туризм көшбасшылық академиясы» біліктілікті арттыру курстарын өткізді.
- 23 шілдеде ҚР Әзербайжандағы Елшілігінде Қазақстан-Әзербайжан туристік форумы өтті. 22-23 шілде аралығында Ұлыбритания елінен «Bold by Nature Kazakhstan» шетелдік делегация келіп, өңірдің көрікті аймақтарында түсірілім жасады. 3 тамызда «Tetysblu» тақырыптық саябағының аумағында «Picnic by Partners» іс-шарасы өткізілді.