Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоғамда қоршаған ортаны қорғауға қатысты құндылық әрі гуманистік көзқарас қалыптасуы табиғи теңгерімнің тұрақтауына септесіп, ресурстарды шектен тыс тұтынушылық пиғылға тосқауыл қоятынын мәлімдеді. «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны барысында бірлік аясында азаматтардың батыл бастамаға белсене кірісуі табиғатты қорғауға баулитын халықтық педагогиканың рөлі арта түскенін айқындайды.
Өмір сүрген ортаның тазалығына әрбір саналы азамат мүдделі, қауырт қызметтен не қым-қуыт тірліктен маңызды мәселеге мойны жар бермей жүрген жандарды жалпыхалықтық науқан аясында тазалық іс-шараларына тарту – құптарлық бастама. Қазақ ұлтында халықтық өсиет-өнеге табиғатқа табынудан, оны ардақтау мұратынан туындап отырған.
Жас өрендердің қоршаған ортаға қамқор сезімін оятып, қатыгездікке жібермеу үшін үлгілі істер арқылы тәрбиелеу халықтық үрдіс болғанын естен шығармау қажет. Себебі табиғатпен үйлесімді өмір сүруге дағдыланған дегдар азаматтар үшін тазалық ұғымы тұрғын үй алабымен шектелмейді. Үй ауласын көк желекпен көмкеруге, аумағын күл-қоқыстан арылтуға, жалпы қала келбетін көркейтуге күш салып жүрген азаматтар қашан да құрметке лайық. Мәселен №54 «Айналайын» балабақшасының ұжымы аула мен ойын алаңқайларының аумағында әркез тазалықтың орнауына, жасыл желектің жайқалуына жағдай жасап келеді, көшет-дарақтарды күтіп-баптау ісі бүгінде өз жемісін беріп, тал-теректер көлеңкесінде ересек те, тәлімгерлер де тыныстап жүр.
«Көкорай көктемде көшеттер бүр жарады. Алуан реңке малынған аула көрінісі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Көк желекті күтіп-баптауға баланы баулу тәрбиенің құрамдас бөлігі деуге саяды. Балабақша ауласында тал-шыбықты суғару, топырақ қопсыту, ағаш діңгегін әктеу, күз жемісін теру сынды маусымдық жұмыстар уақытылы жүзеге асады. Еңбекке ерте бейімделген бала соғұрлым іске епті келері мәлім. Түрлі түсті мәуелі жемісті теру жарқын эмоция сыйлайды. Аулада өскен жас өскіндерді аялау әрі қамқорлауды үлгілеу арқылы бала танымында табиғат ұғымы орныға бастайды, қоршаған ортаға қамқорлық сезімі санасында бүр жарып, тысқары әлеммен етене таныстығы басталады. Балабақша ауласында өрік, шие, қарақат, құлпынай, алма мен алмұрт, жүзім секілді жеміс-жидектер жайқалып өсіп тұр. Ал бұл өз кезекте тәлімгердің еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер етеді. Үздік табиғат бұрышы байқауында әр жас ерекшелік топтарында экологиялық алаңдар құрылып, бағдарламаға сай жасақталды. Мекеме ұжымы балабақша ауласында жанға сая жасыл желектің жайқалуына жан-жақты жағдай жасайды. Бұл бір күндік немесе бірер маманның емес, барша ұжымның соның ішінде өз баласының қолайлы ортада өсіп-тәрбиеленуіне мүдделі ата-аналардың еңбегі»,-дейді балабақша меңгерушісі Райза Абудлаева.
Ақтау қаласындағы №54 «Айналайын» балабақшасының ұжымы Президент бастамасымен жүріп жатқан экологиялық акцияға қарқынды атсалысуда. Бұл бастаманың көшелер мен аулаларды абаттандырумен қатар, қоғамдағы бірлікті нығайта түсетінін және халық арасында бір-біріне тілеулестік рухын оятатынын атап өткен жөн. Қоршаған ортаға қамқорлық бір күндік сенбілікпен, айлық іс-шаралармен шектелмейді. Көгалдандыру және тазалық жұмыстары жыл бойы ұйымдастырылуы тиіс. «Тазалық табалдырықтан басталады». Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау - әрбір азаматтың борышы, десек те кез-келген маман қызметін табиғат қорғау бағытында ұйымдастырып, әрбір мамандық иесінің экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғаудағы артықшылықтарын ұтымды пайдалана білу маңызды. Табиғаттағы тұрақтылықты сақтаудың басты факторы - дамуға негізделген экологиялық мәдениет – салауатты өмір салтының, жарқын келешек пен белсенді қоғамның кепілі. Ал тазалық жаршысына айналған жайқалған №54 «Айналайын» балабақшасы осы сөзімізді дәлелдей түседі.
Голрох Жеменей