Ақтауда 400 көппәтерлі тұрғын үйге автоматтандырылған жылу басқару торабын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов мердігер компанияға жұмыстарды жылыту маусымына дейін аяқтауды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы автоматтандырылған жылу басқару торабын орнату жұмыстары қаладағы 12 шағын ауданды қамтиды. «Garant Tranzit Plus» ЖШС Ақтау қаласы бойынша өкілі Ерлан Шалабаевтың айтуынша, қазіргі таңда автоматтандырылған жылу басқару торабы қала бойынша бірнеше тұрғын үйге орнатылды.
- Жалпы бұл салада алты жылдан бері айналысамын. Қалада қыс мезгілінде ауа температурасының тұрақсыздығы байқалады. Осы кезде кейбір тұрғын үйлерде жылу жетіспеушілігі мәселесі туындайды. Бұл мәселені шешу мақсатында былтыр пилоттық жоба аясында 27-шағын аудан №37 үйге автоматтандырылған жылу басқару торабы орнатылды. Бұл қондырғыда арнайы сыртқы бақылау датчигі бар. Бұл датчик пәтерлерде қалыпты жылу температурасын сақтайды. Қондырғы жақсы нәтиже бергендіктен, жылу жетіспеушілігі бар тұрғын үйлерге орнату жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда қала бойынша бұл қондырғы 12 тұрғын үйге орнатылды. Автоматтандырылған жылу басқару торабын жылыту маусымына дейін қондыруды жоспарлап отырмыз, - деді Ерлан Шалабаев.
Қала әкімі автоматтандырылған жылу басқару торабын қадағалайтын арнайы маман тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме (ПИК, МИБ) өкіліне қондырғының қолданылуын үйрету керегін айтты.
- Тұрғын үйге қондырылатын автоматтандырылған жылу басқару торабы осыған дейін өз нәтижесін көрсетсе, қондырғы жылуды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме (ПИК, МИБ) қондырғыны қабылдап алғаннан кейін ешқандай мәселе туындамағаны дұрыс. Арнайы маман тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемеге (ПИК, МИБ) барлық мәселені және қондырғыны қалай қолдану керегін үйретуі керек. Қондырғыны орнату жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтауды тапсырамын, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.