Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаев өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының – мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу туралы айтып, білім беру мекемелерінің басшыларын нақты шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД-ға сілтеме жасап.
Полиция басшысы жастар арасындағы топтық төбелестің тоқтамайтынын айтып, оның алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар («Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Мектеп» және т.б.) ұйымдастырылуда.
Дегенмен қабылданған шаралардың нәтижесіне қарамастан, биылғы жылдың 9 айында облыста жасөспірімдер жасаған 39 қылмыс тіркелді, оның 24-і Ақтауда болған.
«Жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу – барша қоғамның міндеті. Полиция қылмыстарды жиі ашып, алдын алу шараларын ұйымдастырғанымен, қылмыстың алдын алуда нақты нәтижелерге жету үшін ата-аналардың, мектеп директорларының, мұғалімдердің де қатысуы маңызды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың себептері қоршаған ортаның кері әсері, сондай-ақ отбасы тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы олардың қылмысқа баруына әкеліп соғады», - деді облыстық полиция басшысы.
Жиын соңында Аян Сәбитұлы білім беру ұйымдары тарапынан нақты шаралар қабылдануын сұрады.